Сеулде Корея Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлеріне II дәрежелі «Достық» ордені салтанатты түрде табысталды.
Мемлекет басшысы бүгінгі мән-маңызы ерекше рәсімге жиналған қауымға ілтипат білдіріп, қазақ пен корей ежелден достас халықтар екеніне назар аударды.
– Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастарды. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі мемлекет арасында терең саяси диалог орнап, сан қырлы ынтымақтастық нығайғанын атап өтті.
– Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салада бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен байланысты күшейтуде еліміздегі корей ұлтының өкілдері ерекше рөл атқаратынын айтты.
– Қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілдері тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этностар үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда Корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ корей тілінде газет шығады, арнайы радиохабар таратылады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, қос халықтың достығын бекемдеу ортақ мүддеге сай келеді.
– Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Республикасының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уақытта да екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қоса бересіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім барысында Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн, Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун, Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.