Жамбыл облысында 438 келіден астам есірткі тәркіленді. Құмды алқапта жасырын қарасора өсірген Тараз тұрғыны қылмыс үстінде ұсталды. Күдікті плантацияны заманауи суару жүйесімен жабдықтап, оған жеке электр қуатын да тартқан. Жасырын алқапты полицейлер әуеден жүргізілген барлау кезінде анықтаған. Ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы түсірілген кадрлардан құмды жерде өсіп тұрған қарасора байқалған. Плантацияны 40 жастағы, бұрын бірнеше рет сотталған ер адам күтіп-баптаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол өсімдіктерді өңдеп, дайын өнімді еліміздің басқа өңірлеріне көтерме бағамен сатуды жоспарлаған. Тінту кезінде биіктігі екі метрден асатын 50 түп қарасора, агротехникалық құрал-жабдықтар және есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын көлік тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктіден сериялық нөмірі өшірілген "Макаров" тапаншасы, "Байкал" мылтығы мен оқ-дәрілер табылған.
БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300 және 287-баптары бойынша құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру және заңсыз қару сақтау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.