Индонезияда жолаушылар кемесі аударылып, 130 адам жоғалды

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2026

Табиғаттың тосын мінезі мен тілсіз жау бір күнде жүздеген отбасыны әбігерге салды. Индонезияда жолаушылар кемесі апатқа ұшырап, су түбіне кетті. Ал Чилидің Араукания аймағында қарттар үйі өртеніп, күлге айналды. Толығырақ Аяулым Изатқызының бейнематериалда.

Индонезиядағы Ява теңізінде 243 адамы бар кеме апатқа ұшырап, суға батып кетті. Сурабая қаласынан Банджармасинге бет алған кеме межелі жерге жетпей, жолдың үштен екі бөлігінде кенеттен соққан дауылға тап болған. Күшті толқыннан кеме теңселіп, апаттық дабыл берген бойда байланыс күрт үзілген.

МАРСИАНУА, ЖОЛАУШЫ:

Көмек сұрап, айқайладық. Алайда айналамызда даусымызды естіп, көмектесетін ешкім болмады.

Апаттан 6 адам қаза тапқан. Құтқарушылар 107 адамды аман алып шықты, ал 130-дан астам жолаушы мен экипаж мүшесі әлі де із-түзсіз кеткендер тізімінде. Жағалауда елеңдеп жүрген жақындары үшін әрбір сағат пен әрбір минут азапқа айналған.

НАНИ, ЖОЛАУШЫНЫҢ ӘЙЕЛІ:

Күйеуіммен соңғы рет кешкі сағат 9 шамасында сөйлестім. Ол сыртта ұйықтауға ыңғайланып жатқан. Желдің қатты соғып тұрғанын айтты. Аман-есен келеді деп үміттенемін.

Тағы бір қайғылы оқиға Чилиде тіркелді. Елдің Сантьяго қаласынан 640 шақырым жердегі Араукания аймағында қарттар үйі өртеніп, 16 қария қаза тапты. Өрт түн ортасында тұтанып,  жылдам тараған. Пансионатта 26 қария болған екен. Олардың онын ғана құтқарып, аман алып шығу мүмкін болды.

ЛЮСИ ГЕВАРА, ТҰРҒЫН:

Бәрі өте тез болды. Құдай сақтап, мен осында болып, 83 жастағы анам аман қалды. Ол кісінің көзі көрмейді, құлағы нашар естиді, диабеті бар, үнемі күтімді қажет етеді. Сондай сәтте қандай күйде болғанын елестетіп көрсеңізші.

Қазір аман қалғандар ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндірушілер таңға жуық тілсіз жауды ауыздықтап, қираған ғимарат үйінділерін тазартып жатыр. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз.