Батыс Қазақстандағы Жошы ұлысы дәуірінің тарихи мұрасы ғалымдар назарынан тыс қалмады. Батыс Қазақстан университетінде өткен дөңгелек үстелде Алтын Орда кезеңінің археологиялық ескерткіштері мен Жошы ұлысының жазба мұрасы талқыланды. Зерттеушілер өңірдегі көне қалашықтар, жерлеу кешендері, қоныстар мен суару жүйелерінің сол кезеңдегі өркениеттік және шаруашылық үдерістерден сыр шертетінін атап өтті.
ДАРЫН САҒИДОЛЛАЕВ, М. ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БҚУ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:
Алтын Орда Жошы ұлысы пайда болған кезден бастап, отырықшылық мәдениеттің қалыптасу кезеңі жүреді. Сол орайда Жайық өзені Орта Азия мен Еділ бойын жалғастыратын аймақтың бірі болып табылды. Сондықтан бұл өңірде мысалы Жайық, Жалпақтал секілді сонымен қатар Жайықтың төменгі ағысындағы Сарайшық секілді үлкен қалалық агломерациялар қалыптасты.