Оңтүстік Кореяда Alatau City-де ірі жобаларды іске асыру мүмкіндігі талқыланды

Фото: Үкімет

Корея Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Korea Electric Power Corporation (KEPCO), Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute (GGGI) басшылығымен кездесу өткізді. 

Тараптар корей компанияларының Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуын талқылады.
Келіссөздер барысында Қанат Бозымбаев қазақстандық-корей стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін және жаңа қаланы дамыту үшін озық технологияларды, инвестицияларды және халықаралық сараптаманы тартуға мүдделілігін атап өтті. 

— Alatau City — Қазақстанның басты ұлттық жобаларының бірі. Бүгінде қала үшін арнаулы инвестициялық және реттеушілік орта қалыптастырылып, заманауи инфрақұрылым құрылуда. Біз жетекші корей компанияларымен ұзақ мерзімді әріптестікке мүдделіміз және бірлескен жобаларды нақты пысықтауға дайынбыз, — деп атап көрсетті Қанат Бозымбаев.

KEPCO-мен кездесуде Alatau City-дің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша ынтымақтастық перспективалары қаралды. Атап айтқанда, корей корпорациясының электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалауға, қосалқы стансалар салуға, ұлттық энергия жүйесімен интеграциялауға және жергілікті электр желілерін қосуға қатысуы талқыланды.

Doosan Enerbility және GGGI басшылығымен Alatau City-дің меншікті генерациясын дамыту мәселелері талқыланды. Перспективалы бағыттардың бірі ретінде қуаты 2×250 МВт болатын, кейіннен сутегіге көшу мүмкіндігі бар газ электр стансасын салу қарастырылуда.

Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып іске асыру алдын ала қарастырылуда.

Сондай-ақ туристік және қонақүй инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі бар көпфункционалды кешенді іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Құны $200 млн-нан асатын жоба 180 нөмірлі қонақүйді, кеңсе кеңістіктерін және тұрғын апартаменттерді көздейді.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар талқыланған жобалар бойынша, оның ішінде оларды қаржыландыру және іске асыру тетіктерін айқындау жөнінде бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Alatau City Authority бұл жұмысты салалық мемлекеттік органдармен және әлеуетті серіктестермен бірлесіп үйлестіруді және сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелі жалпы құны $6,9 млрд болатын, іске асырылуы 55 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 67 жобаны қамтиды.

Талқыланып жатқан жобаларды іске асыру Alatau City-дің кешенді дамуына, атап айтқанда, сенімді энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыруға, қонақүй, іскерлік және коммерциялық нысандарды дамытуға ықпал етеді. Халықаралық серіктестерді тарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашуға, қалалық қызметтердің аясын кеңейтуге, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің өсуіне және қалалық ортаның сапасын арттыруға жағдай жасайды.