Құтқарушылар баспалдақ арқылы 63 адамды, оның ішінде 12 баланы қауіпсіз жерге шығарды
Түркістан қаласында көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы өртеніп, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 63 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды деп Astana TV.
Оқиға туралы хабарлама "112" пультіне 9-шы көшедегі 12 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны жөнінде түскен. Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетті.
Құтқарушылар келген кезде ғимараттың 8-11 қабаттары аралығындағы сыртқы қаптамасы ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Мамандар автосаты арқылы өрт сөндіру оқпандарын беріп, тілсіз жауды сөндіруге кірісті.
Сонымен қатар тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар баспалдақ арқылы 63 адамды, оның ішінде 12 баланы қауіпсіз жерге шығарды.
Өрт толығымен сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.