188 мың пәтер пайдалануға беріледі
ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, бұл жылдық жоспардың 55,3%-ын құрайды. Биыл барлығы 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 188 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Astana TV.
«Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдау аясында биыл 155,5 млрд теңгеге 12,6 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу, әкімдіктерге облигациялық қарыздар беру арқылы 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалға берілетін тұрғын үй салу, сондай-ақ жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 71,9 млрд теңгеге 3,5 мың жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жоспарланған», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдау: қандай шаралар қарастырылған
Бүгінде республика бойынша 988 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде шамамен 459 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау аясында жалдамалы тұрғын үй, жеңілдетілген несиелеу, тұрғын үй сертификаттары және жалдау ақысын субсидиялау сияқты шаралар қарастырылған.
«Жүргізілген тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы тұрғын үй азаматтардың тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған күніне және отбасы табысының деңгейіне сәйкес бөлінеді. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, 2024 жылғы желтоқсаннан бастап азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығы ұсынылды. Бұл мүмкіндікті 20 мыңнан астам азамат пайдаланды.
«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді 6 824 отбасы жекешелендірді», – деді Комитет төрағасы.
Жеңілдетілген несиелеу мен тұрғын үй сертификаттары: мемлекет тұрғын үй алуға қалай көмектеседі
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға төмендетілген 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық несиелер берілетінін еске салды.
«Биыл жалпы сомасы 175,1 млрд теңгеге 12,6 мың осындай несие беру жоспарланып отыр», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, 2% мөлшерлемемен тұрғын үй несиесі табысы 5 күнкөріс минимумынан, яғни отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 254 255 теңгеден аспайтын азаматтардың сегіз санатына беріледі. Қалған санаттағы азаматтарға табыстың шекті деңгейі белгіленбей, 5% мөлшерлемемен ипотека алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша әлеуметтік осал топтар үшін пайыздық мөлшерлеме – 7%, ал азаматтардың басқа санаттары үшін – 9%. Аталған бағдарлама аясында жыл сайын 12 мың несие беріледі», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Жоғарыда аталған жеңілдетілген ипотекалық несиелер бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті бюджет есебінен 1,5 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттары беріледі. Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімі мен оның мөлшерін жергілікті мәслихаттар бекітеді.
«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңгеге 2 373 тұрғын үй сертификаты берілді», – деді спикер.