Қару асынып, сес көрсеткен: 22 қылмыстық топ ұсталды

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2026

Бопсалау, тонау, алаяқтық және зорлық. Ішкі істер министрлігі 22 қылмыстық топтың жолын кесіп, 64 күдіктіні ұстады. Олардың қолында қару да болған. Тінту кезінде 100-ден астам атыс қаруы, гранаталар, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келі есірткі тәркіленді. Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңгені ұрлап кеткен. Петропавлда әйел алаяқтық арқылы 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Павлодарда осындай ұстанымдағы азаматтың 17 қылмысқа қатысы бары анықталды. Ол 8 миллион теңгені қалтасына басқан. Ал Ақтөбеде жастар зорлық-зомбылық жасауға дайындалған. Түркістан облысында халықаралық террористік ұйымның идеологиясын белсенді таратқандар ұсталды. Жалпы полицейлер қылмыстық топтардың 155 қылмысқа қатысын анықтады. Сот үкімімен кінәлілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып жатыр.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Белгілі болғандай, олар өзгелерді бопсалаумен, алаяқтықпен, тонаумен айналысқан, браконьерлікпен және есірткі өткізумен шұғылданған. Арам ойларын іске асыру үшін қару-жарақ ұстаған. Мұндай топтар елдің әртүрлі өңірлерінде, оның ішінде Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында болған.