Цифрлық активтер нарығы қазір триллион долларлық ірі индустрияға айналды. Бүгінде бұл нарықта әлем бойынша шамамен 750 миллион адамның үлесі бар. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмай, цифрлық активтерді заңды әрі қауіпсіз айналымға енгізіп жатыр. Жоба қалай жүзеге асады? Үкіметтегі ұсыныс жайлы Сержан Айтжан айтсын.
Елдегі криптонарықтың сауда көлемі айтарлықтай өскен. Мәселен 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 млн доллар болса, 2025 жылы 10 млрд доллардан асты. Яғни, екі жылда нарық көлемі 33 есе артқан. Ал жалпы елде криптовалюта өндіретін 76 лицензияланған майнер және 5 майнинг пулы жұмыс істейді.
ҒИЗЗАТ БАЙТҰРСЫНОВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
2025 жылы Қазақстанда майнинг пулдар арқылы шамамен 3600 биткоин өндірілді. Яғни 2023 жылмен салыстырсақ, өндіріс көлемі 4 есеге өсті. Салық түсімдері бойынша да айтарлықтай өсім бар. 2023 жылы саладан бюджетке 9 млрд теңге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,4 млрд теңгеге жетті. Яғни салық түсімдері 2,5 есеге жуық өсті. Бұл – енгізілген жүйенің нақты нəтижесі.
Отандық өндірушілер бірқатар артықшылықтарға ие. Десе де, саланың дамуына электр энергиясының қымбат болуы және оның тәулік бойы тұрақты болмауы кедергі келтіріп отыр. Инвесторлар қаржы құймас бұрын электр бағасына, оның тұрақтылығы мен салыққа да мән береді. Жауаптылар майнингті дамыту үшін шешімдер де ұсынған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды. Ендігі Кезекте цифрлық активтер мен жаңа қаржы құралдарын біртұтас қаржы және технология желісіне ықпалдастыру қажет.
Технология төл валютамызға да оң әсер етті. Бүгінде цифрлық теңге арқылы қазына қаражаты қай салаға, қандай мақсатта жұмсалғанын білуге болады. Токенизация, цифрлық активтер мен стейблкойн дегенді естігенде түсінбеуіңіз мүмкін. Алайда бұл әп сәтте түрленіп кететін сала. Сондықтан көшке ілесуі емес, көште ілгері болу маңызды.