120 мың теңгелік газ есептегіш құрылғына алу міндетті ме?

Ақмола облысына қарасты Қоянды мен Талапкер ауылдарының тұрғындары көгілдір отыннан қағылып отыр. Техникалық бақылау мамандары механикалық есептегіштерді қабылдамай, бағасы 120 мың теңгеге дейін шарықтаған электронды құрылғыларды орнатуды талап еткен. Тақырыпты толығырақ әріптесім тарқатады.

Күн суытып, күздің ызғары біліне бастағанда, Астана іргесіндегі Қоянды мен Талапкер ауылының тұрғындары тығырыққа тірелді. Газ құбыры үйдің іргесіне келіп, монтаж жұмыстары толық аяқталғанымен, көгілдір отынның қызығын ешкім көре алмай отыр. Үйді газға қосу үшін бағасы 120 мың теңгеден асатын электронды есептегіш қою міндеттелген.

НАИЛЯ ШАРИПОВА, ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өзім пенсионермін. Бар терген жинаған ақшамды екі жылдай жинап-жинап, газ қойғызамыз деп енді ақыры келгенде сондай тағы электронды счетчик қойдырыңдар деп жатыр. Жағдайымыз жоқ.

НӘСИПА БАЙЗАҚОВА, ҚОЯНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұлар кейін өздерінше заң шығарған. 24- авгуске дейін қойғандарға тегін қоямыз, ал бұдан былай қарай уже ақша. Біз қайдан табамыз ақшаны.

15-20 мың теңгелік қарапайым есептегішті орнатып қойған жұрт 6 есе қымбат құрылғыны көргенде төбелерінен жай түскендей болған.

ОРАЗАЛЫ БИЖІКЕНОВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

120 мың теңгеге көтере салу бір ақ күнде бағасын өте қиын зат ол. Өзі халық тарығып, тиыннан теңге құрап газ тартқызуға жеткізе алмай отырғанда оның үстіне апарып жығылғанға жұдырық болып дей ме, дұрыс емес деймін.

Газ таратушы компания өкілдері бұрыннан тұтынушы болып саналатындарға цифрлық құрылғылар тегін ауыстырылатынын айтадыы. Ал жаңадан қосылатындар өз қалтасынан төлеуге міндетті.

НҰРЛАН СҮЛЕЙМЕНОВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ АСТАНА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Механикалық және электронды есептегіштің бақылау принципі бірдей болғанымен, электронды түрі көрсеткішті қашықтан жібереді. Жаңадан қосылатын тұтынушылар бұл құрылғыны өз қаражатына сатып алуы тиіс. Егер техникалық шарт тамыздан кейін дайын болса, біз механикалық есептегішпен газ бере алмаймыз, бұл Заңды бұзу.

Қыс қыр астында. Сондықтан тұрғындар бір амалын қарастырса деп отыр.