Бүгін кешке Самарқандта 46-дүниежүзілік шахмат олимпиадасы салтанатты түрде ашылады. Оған 398 команда, 1974 шахматшы және 240 гроссмейстер қатысады, - деп хабарлайды Astana TV.
Турнирге Қазақстан құрамалары да қатысады. Әйелдер командасы 2024 жылы Будапештте өткен өткен Олимпиаданың вице-чемпионы ретінде жарысты бастайды.
Әйелдер турнирінің фавориттері – Өзбекстанға негізгі құрамымен келген Үндістанның қазіргі чемпиондары. Басты бәсекелестер старттық нөмірлері бойынша: Грузия, Қытай, Қазақстан және АҚШ.
Біздің команда үшін бірінші тақтада тамаша маусым өткізіп жатқан 22 жастағы гроссмейстер Бибисара Асаубаева ойнайды. Отандық әйелдер шахматының көшбасшысы Norway Chess беделді турнирінде жеңіске жетіп, Cairns Cup-та үшінші орын алды. Сондай-ақ әлемдік шахмат тәжі үшін претенденттер турнирінде екінші орынға тұрақтады.
«Құрамалар Олимпиадаға жақсы формада, дұрыс көңіл-күймен және командалық рухпен келді деп сенемін. Біздің әйелдер құрамамыздың рейтинг бойынша үшінші старты нөмірі бар. Біз бұл команданың кез келген дәрежедегі медаль үшін күресуге қабілетті екенін білеміз. Құрамда Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Қамалиденова, ал төртінші және бесінші тақталарда біздің жас шахматшылар Елнәз Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева өнер көрсетеді. Жоғары орындар үшін күрес мүмкіндігі көп жағдайда жас спортшыларымыздың өнеріне байланысты болады. Бибісара, Алуа және Меруерт жастарына қарамастан, ең жоғары халықаралық деңгейде үлкен тәжірибеге ие. Елнәз бен Зарина әлі өте жас, бірақ олар осы Олимпиадада өздерін лайықты көрсетеді деп сенеміз. Ерлер құрамасы едәуір жаңартылған және өте жас құраммен ұсынылған. Жеке атап өткім келетіні – Сауат Нұрғалиев, ерлер арасындағы Қазақстан чемпионы. Бұл атақты ол 15 жасында жеңіп алды, қазір оған 16 жас толады. Сауат үшін бұл алғашқы Әлем шахмат олимпиадасы. Сондай-ақ құрамда жас шахматшылар Алдияр Ансат пен Даниял Сапенов өнер көрсетеді. Құраманың бірінші тақтасында Денис Махнёв ойнайды, құрамда сондай-ақ Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Жандос Ағманов бар», – дейді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Садвақасов.
Қазақстан әйелдер құрамасы фавориттердің бірі саналады. Өткен Олимпиадада қыздар күміс жүлде жеңіп алған. Осы Олимпиадада Қазақстан әйелдер құрамасы старты тізімде үшінші тұр және медальға негізгі үміткерлердің қатарына кіреді.
«Біздің міндетіміз – қайтадан медаль үшін күресу. Біз қарсыластардың құрамдарын талдадық. Шамамен он команда чемпиондық пен жүлделі орындарға нақты үміткер болады деп ойлаймын, сондықтан фавориттер арасындағы жекпе-жектерден қашу мүмкін емес. Негізгі бәсекелестердің қатарында: Үндістан, Қытай, АҚШ, Украина, Польша, Грузия және Өзбекстан. Турнир қожайындарының жас әрі өте күшті командасы бар, олар да жоғары орындар үшін күреседі. Сонымен қатар тосын сый сыйлай алатын құрамалар да болады. Көп нәрсе медальға үміткерлер арасындағы бетпе-бет матчтарда шешіледі», – деп атап өтті Қазақстан әйелдер шахмат құрамасының жаттықтырушысы гроссмейстер Александр Моисеенко.
208 команданың ішінен 34-ші септі алған Қазақстанның ерлер құрамасының бірінші нөмірі – 26 жастағы гроссмейстер Денис Махнев.
Ашық (ерлер) турнирінде бірінші старттық нөмірді АҚШ құрамасы иеленді. Екінші – қазіргі шахмат королі Гукеш Доммараджу бастаған 2024 жылғы чемпион үндістерде, үшінші – Жавохир Синдаров бастаған Өзбекстанда.
Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президентінің пікірінше, ерлер құрамасы үшін жақсы нәтиже – жиырмалыққа кіру.
«Меніңше, бұл команда бірінші жиырмалық үшін күресуге қабілетті, және бұл өте жақсы нәтиже болады. Біздің старты рейтингімізді (35) ескере отырып, 20-дан 30-орынға дейінгі аралықтағы нәтижені қанағаттанарлық деп санауға болады. Сонымен қатар біз қазіргі Олимпиаданы осы команданың қалыптасуының маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз. Біздің жас шахматшыларымызға 16–18 жас, олардың алдында әлі көптеген турнирлер бар. Келесі Олимпиадаға бұл құрама әлдеқайда жетілген күйде келіп, бірінші ондық үшін, мүмкін, медальдар үшін де күресе алады деп ойлаймын. Қазір ұрпақтар алмасуы жүріп жатыр, сондықтан қазіргі турнир біздің ерлер құрамамыздың прогресінің маңызды көрсеткіші болады», – деп есептейді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Садвақасов.
Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы швейцар жүйесімен 11 турда өтеді. Әр команда құрамында 4 ойыншы және 1 қосалқы бар. Уақыт бақылауы классикалық: алғашқы 40 жүріске 90 минут қосып, 30 минут. Әр жүрістен кейін, біріншіден бастап, 30 секунд қосылады.
Матчта жеңіске жеткен құрама екі командалық ұпай алады, тең ойын үшін – бір ұпай. Теңдік болған жағдайда қосымша көрсеткіштер жүйесі қолданылады: Бергер коэффициенті (қарсыластар жинаған ұпай саны), сондай-ақ команда мүшелерінің жеке ұпайларының қосындысы.
Ерлер турнирінің жеңімпаздарына лорд Фредерик Густавус Гамильтон-Рассел кубогы, әйелдер турнирінің жеңімпаздарына Вера Менчик кубогы табыс етіледі. Екі команданың да орнының ең аз қосындысы бойынша үздік шыққан ел Нона Гаприндашвили кубогымен марапатталады.
2026 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы кезінде ФИДЕ конгресі өтеді, оның бас ассамблеясында 26 қыркүйекте Халықаралық шахмат федерациясының жаңа президенті сайланады. Үміткерлер үшеу: неміс Ян-Хенрик Бюттнер, ресейлік Вадим Розенштейн және Қазақстаннан Тимур Турлов.