Еңбекшіқазақ ауданында құны шамамен 21 млрд теңге болатын астық кешені құрылуда

gov.kz

Сағатына шамамен 29 тонна астықты кептіреді

Еңбекшіқазақ ауданында дәнді және майлы дақылдарды қабылдауға, кептіруге, сақтауға және тасымалдауға арналған заманауи кешен салу бойынша ірі агроөнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда. Болашақта кешеннің қуаты жылына 120 мың тоннаға дейін өнімді өңдеуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды  Astana TV

Жаңа кешен өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін маңызды міндеттердің бірін шешуге бағытталған – жиналған өнімді кептіру және сақтау үшін қажетті қуаттарды қамтамасыз ету. 2026 жылы қуаты 30 мың тонна болатын алғашқы нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Келесі жылы дәл осындай қуаттағы тағы бір нысан салу көзделген. Кешенді одан әрі кеңейту кәсіпорынның 2029 жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында жоспарланған.

Жобаның жалпы құны шамамен 21 млрд. теңге деп бағаланып отыр. Бірінші кезеңді іске асыру үшін «Қазақстан Халық Банкінен» 3,8 млрд. теңге көлемінде несие қаражаты тартылған. Сонымен қатар, кәсіпорын шамамен 2 млрд. теңге көлемінде өз қаражатын салған.

Кешенді салу үшін мемлекет тарапынан көлемі 10 гектар жер телімі бөлінді. Бұдан бөлек, кәсіпорын шамамен 1 млн. АҚШ долларына тағы 7 гектар жер сатып алған.

Инвестициялардың едәуір бөлігі заманауи өндірістік инфрақұрылым құруға бағытталған. Электр желілерін тартуға шамамен 500 млн. теңге жұмсалды. Су жүйесі «Қазақстан темір жолы» инфрақұрылымына қосылған. Жабдықтарды сатып алу, құрылыс және монтаждау жұмыстарына жұмсалған шығындардың жалпы көлемі 5,8 млрд. теңгені құрады.

Кешен заманауи шетелдік жабдықтармен жарақтандырылуда. Технологиялық қондырғылардың бір бөлігі Германиядан жеткізілсе, астық сақтауға арналған силостар Испаниядан әкелінген. Өндірістік процестердің басым бөлігі автоматтандырылған.

Жабдық сағатына орта есеппен 28 пайыз ылғалдылығы бар шамамен 29 тонна астықты кептіруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе егінді жаппай жинау кезеңінде маңызды. Себебі астықты қабылдау мен өңдеу жылдамдығы оның сақталуы мен сапасына тікелей әсер етеді.

Жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – оның тиімді логистикалық орналасуы. Теміржол инфрақұрылымына жақын орналасуы тасымалдау шығындарын азайтып, өнім жеткізудің географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кешеннің өткізу қабілетін одан әрі арттыру мақсатында ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын теміржол желісін үш бағыт бойынша дамыту жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам қабылдап, жөнелтуге және бүкіл логистикалық тізбектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын тек облыс пен көршілес өңірлердің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жұмыс істеуді жоспарлап отырған жоқ. Алдағы уақытта өнімді Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізу, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа да сыртқы нарықтарға экспорттау көзделіп отыр.

Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін мұнда шамамен 30 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Жобаның жүзеге асырылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу қуаттарын арттыруға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін логистикалық шектеулерді азайтуға және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және экспорттық нарықтарға шығаруға мүмкіндік беретін қосымша инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады.