«Әділет» партиясының жастары ел бойынша 200-ге жуық қартқа көмек көрсетті

Фото: “Әділет” партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміздің барлық өңірінде «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізіп жатыр. 7 қыркүйекте басталған әлеуметтік бастама аясында жастар ардагерлер мен жалғыз тұратын қарттарға тұрмыстық көмек көрсетуде, деп хабарлайды Astana TV партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Акцияға қатысқан волонтерлер қарттардың күнделікті шаруаларына қолғабыс етіп, аула тазалау, үй маңын ретке келтіру, қажетті заттарды жеткізу секілді жұмыстарды атқаруда. Жастардың айтуынша, мұндай көмек егде жастағы азаматтардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың көңіл-күйіне де оң әсер етеді.

Бүгінде акция аясында ел бойынша 200-ге жуық қартқа көмек көрсетілген. Волонтерлер әр өңірде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың үйлеріне барып, нақты қажеттіліктеріне қарай жәрдемдесуде.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясының мақсаты – аға буынға құрмет көрсетіп, жастар арасында үлкенге ізет, кішіге құрмет қағидаттарын насихаттау. Сонымен қатар бастама еріктілік мәдениетін дамытуға және қоғамдағы өзара көмек дәстүрін нығайтуға бағытталған.

Ұйымдастырушылар акция алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жастардың пікірінше, үлкенге көрсетілген қамқорлық – қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың айқын көрінісі.