Алатау Smart City ең алдымен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруы керек

Фото: ҚР Құрылтайы

Алатау қаласын дамыту тек жаңа технологиялар мен инвестициялық жобаларға бағытталмауы тиіс. Қала құрамына кіретін барлық елді мекен тұрғындары инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымның сапалы қызметіне қол жеткізуі қажет.
 

Бұл мәселені Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Astana TV. 

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды экономиканың барлық саласына енгізуге ерекше мән беріп отыр. Ал Алатау қаласы осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі болуы тиіс.

«Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс», – деді Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов.

Оның айтуынша, «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесулер барысында Алатау қаласының құрамына енген елді мекен тұрғындары бірқатар өзекті мәселені көтерген.

Мәселен, Еңбек және Жетіген елді мекендерінде соңғы жылдары бірқатар мәселе шешімін тапқан. Жетігенде «Келешек мектеп» салынды, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды, газ желілері тартылды. Жолдар мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталып, теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпірдің іске қосылуымен шешілген.

Алайда депутаттар әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар екенін атап өтті.

«Кей көшелерде абаттандыру жұмыстары толық аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті. Бұл – жеке ауылдардың ғана емес, Алатау қаласының жаңа моделінің қаншалықты әділетті әрі тиімді қалыптасып жатқанын айқындайтын көрсеткіш», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Құрылтай депутаты цифрландыруды тек камералар мен электронды қызметтер санымен өлшеуге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, Smart City жобасының басты нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі керек.

«Цифрлық мемлекет құру – тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес. Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу. Ең бастысы – халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру», – деді фракция мүшесі.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді ұсынды.

Сондай-ақ мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз ету, цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды.

Бұдан бөлек, депутаттар Алатау қаласының тиімділігін тек тартылған инвестиция көлемімен бағаламай, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша өлшейтін нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұрады.

Депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жауап беру талап етілді.