Қазақстанның тарихи санасын қалыптастыруда әлеуметтік желілердің ықпалы артып келеді.
Сондықтан ел тарихына қатысты күмәнді ақпаратқа жедел жауап беріп, ғылыми негізделген контентті заманауи форматта ұсынатын жүйе қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова Мәдениет және ақпарат министріне жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Astana TV.
Депутат Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуында айтқан сөзін мысалға келтірді.
Шолпан Каринованың айтуынша, тарихи сана бүгінде тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Жастардың ақпаратты TikTok, Instagram, YouTube секілді платформалардан алу үлесі жоғары.
«Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет», – деді депутат.
Фракция мүшесі мәселе тек тарихпен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, халықпен кездесулер барысында елде атқарылып жатқан маңызды жұмыстар туралы азаматтардың толық біле бермейтіні байқалған.
«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде. Ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды», – деді Шолпан Каринова.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдегі өзгерістерді қоғамға түсінікті түрде жеткізуге бағытталуы тиіс.
Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясы ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды, Қазақстан тарихына қатысты ғылыми негізделген контент жүйесін қалыптастыруды, заманауи медиа-жобаларды қолдауды және әлеуметтік желілерде тарихи ақпаратты заманауи форматта насихаттауды ұсынды.
Сондай-ақ депутат тарихи тақырыптағы жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды сұрады.