«Ол ақшаға жалақы көтеру керек»: депутат имидждік форумдардың шығынына мораторий енгізуді ұсынды

Фото: Әбілқасым Есентаев

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек жастарды еңбекпен қамту мәселесін көтерді. Ол Ақпарат және мәдениет министрі Арман Қырықбаевқа жолдаған депутаттық сауалында жұмыссыз және оқымайтын жастармен атаулы жұмысты күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды AstanaTV.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 15 пен 34 жас аралығындағы NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8 пайызды құрайды. Депутаттың айтуынша, бұл – 100 мыңнан астам тіркелген және 300 мыңнан астам уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас азамат.

«Бұл топ – деструктивті тәуекелдерге бейім ең осал орта», – деді Дидарбек Ділдәбек.

Бүгінде жастарды әлеуметтендіру бағытында елімізде 235 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Алайда депутат олардың мүмкіндіктері көбіне қалалық белсенді жастармен шектеліп, ауылдық жерлердегі және қала маңындағы осал топтармен жұмыстың жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүруде. Жастардың басым бөлігі тығырықтан шығар жолды мемлекеттік бағдарламаларсыз, өз бетінше іздеуге мәжбүр», – деді ол.

Депутат Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын бағалау тәсілін де өзгертуді ұсынды. Оның пікірінше, орталықтардың тиімділігін өткізілген іс-шаралар санымен емес, нақты нәтижемен өлшеу қажет.

«Жастар ресурстық орталығының жұмысын өткізілген іс-шаралар саны арқылы емес, нақты тұрақты жұмысқа орналасқан немесе қысқа мерзімді курстардан өтіп, сұранысқа ие мамандық алған азаматтар саны арқылы бағалауды ұсынамын», – деді Ділдәбек.

Сонымен қатар жастар ресурстық орталығы мамандарын жастар көп шоғырланатын орындарға – ірі базарларға, вокзалдарға және қала маңындағы жұмысшы кенттеріне жіберіп, көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыруды ұсынды.

Дидарбек Ділдәбек жастарды ерте кезеңде анықтау үшін цифрлық мүмкіндіктерді де пайдалануға шақырды. Атап айтқанда, «Smart Data Ukimet» жүйесінде автоматты алгоритм енгізіп, оқудан шыққан немесе зейнетақы жарнасы түспеген 15-35 жас аралығындағы азаматтарға eGov Mobile арқылы атаулы ұсыныс жіберуді ұсынды.

«Жастарды мәселе туындағаннан кейін емес, еңбек нарығынан шеттей бастаған сәтінен анықтап, оларға нақты бағыт ұсыну қажет», – деді Құрылтай депутаты.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарды қайта қарап, үнемделген қаражатты аудандық және ауылдық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы инспекторларының еңбекақысын арттыруға бағыттау ұсынылды.

Депутаттың айтуынша, жастармен жұмыстың негізгі өлшемі өткізілген шаралардың саны емес, нақты нәтижесі – жұмысқа орналасқан, білім алған және тұрақты кәсіби бағыт тапқан жастардың саны болуы тиіс.