Қазақстан тарихы туралы күмәнді ақпараттар тез тарайды, - депутат

Әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихына қатысты бұрмаланған ақпараттар көбейген. Сондықтан Құрылтай депутаты Шолпан Каринова тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыты ретінде айқындауды ұсынды. Жастар тарихи деректерді көбіне TikTok, Instagram және YouTube-тен алады. Осыған орай депутат күмәнді ақпаратқа жедел жауап беретін жүйе құрып, ғылыми негізделген медиа-жобаларды қолдауды ұсынды. Сондай-ақ реформалардың мақсатын халыққа түсінікті тілде жеткізу қажеттігін атап өтті.

ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жетеді деген сұрақтың маңызы артып келеді. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады.

Сарапшылар да тарихи шындықты сақтау елдің болашағы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін өте маңызды екенін айтады. Бұрмаланған деректер қоғамда қате көзқарас қалыптастыратындықтан, ғылыми қауымдастық пен медиа өкілдері бірлесе жұмыс істеуі қажет.

БҮРКІТБАЙ АЯҒАН, МЕМЛЕКЕТ ТАРИХЫ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сенбейтіндер көп, бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі тарихи деректерге дер кезінде кәсіби тұрғыда жауап беру өте өзекті. Олар арқылы жастарға нақты, ғылыми негізделген тарихи фактілерді қызықты етіп жеткізе білуіміз керек. Сонда ғана біз ұлттық тарихи санамызды бұрмаланудан қорғай аламыз.