Қазақстанда алаяқтар танымал тұлғалардың дипфейк-видеоларын пайдаланып, азаматтарды жалған инвестициялық жобаларға ақша салуға тартуда. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп хабарлайды Astana TV.
Ведомство мәліметінше, қылмыскерлер TikTok, Instagram, YouTube және басқа платформаларда жоғары табыс уәде ететін жалған жарнамалар таратады. Соңғы бір жарым айда ел бойынша осындай 119 дерек тіркелген.
Солардың бірі — Талдықорған тұрғыны. Ол Instagram-дағы инвестициялық жарнамадағы сілтеме арқылы байланыс деректерін қалдырған. Кейін алаяқтардың нұсқауымен үшінші тұлғалардың шоттарына 7 млн теңгеден астам ақша аударған. Жалған платформада оның ақшасы мен «дивидендтері» көрсетілгенімен, қаражатты шешіп алуға мүмкіндік берілмеген.
Қазір бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бас прокуратура азаматтарды жоғары табысқа уәде беретін күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.