Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жаңа моделі іске қосылды. Енді азаматтар арба немесе басқа да техникалық оңалту құралдары бұзылса, оны тегін жөндетеді. Пилоттық жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы үш өңірдің әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Аймақтарда ғылыми орталықтың филиалдары жұмыс істеп тұр. Азаматтар осы жерге жүгіне алады. Қарағанды облысында 6 мыңнан астам ерекше азамат бар. Оның 4 мыңнан астамы техникалық оңалу құралдарын, яғни түрлі арбаны қолданады.
МЕРУЕРТ НҰРМАҒАМБЕТОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ ҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл жабаның артықшылығы мүгедектігі бар жандардың кресло- каляскалары егер де бұзылып қалған жағдайда ол кісілер үйде отырып қалмас үшін арықарай да үздіксіз оңалту шараларын жалғастыру үшін біздің алмасу қорына басқа өзіне сәйкес құралды жалға бере тұрамыз. Оның барлығы тегін түрде өтеді.
Пилоттық жобада балаларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Егер берілген құрал баланың бойына немесе жеке физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмей қалса, оны мерзімінен бұрын ауыстыруға болады. Жобаға көзі нашар көретін азаматтар да қатыса алады.
АЙГҮЛ СӘТБЕКОВА, ҚАМҚОРШЫ:
Бұрын біз құралдарды, арбаларды сырттан жөндейтінбіз. Енді қазір өте бір жақсы пайдасы ішінде тапсырамыз арбаларымызды сынып қалса арбаларымыз. Дайын болғанша біздің балаларымыз арбасыз қалмайды.