22 мың тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Жетісу облысында ауыр жүк көліктері автоматты салмақ бақылау бекетін айналып өту үшін техникалық жолды пайдаланған. Прокуратура заңсыз айналма жолды жапты, – деп хабарлайды AstanaTV.
«Сарыөзек — Көктал» республикалық маңызы бар автожолының бір учаскесінде жүк көліктерінің автоматтандырылған өлшеу станциясынан өтпей жүргені анықталды. Тасымалдаушылар айналма жол ретінде өндірістік қажеттілікке арналған техникалық жолды пайдаланған.
Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «ҚазАвтоЖол» филиалының арнайы техникасы арқылы аталған жолдар бөгеттелді. Қазір жүк көліктері салмақ бақылауынан автоматтандырылған станция кешені арқылы өтіп жатыр. Оқиғаға байланысты прокуратура, көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция қызметкерлерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысы аумақаралық қағидат бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар мобильді салмақ өлшеу кешендерінің санын көбейту туралы шешім қабылданды. «ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп Қонаев қаласына кіреберісте автоматтандырылған салмақ бақылау жүйесін орнату мәселесі де қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері 22 мың тасымалдаушы көлік құралдарының салмақ параметрлерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы 6 млрд теңге айыппұл салынған.
Артық салмақпен көлік шығаруға мүмкіндік беретін кәсіпорындар да жауапкершілікке тартылып жатыр. Осы кезеңде мұндай 363 субъект анықталған.