"Жасанды интелектіге сырыңды айта берсең Сіздің артыңыздан кредит рәсімдеп жіберу мүмкін", - IT маманы

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2026

Жасанды интелектіні психолог санайтындар көбейген. Оған сырын айтып, көңіл-күйін бөлісетіндер жетерлік. ЖИ-ден психологиялық кеңес алып, оны жеке кеңесші ретінде қабылдайды. Бұл қаншалықты дұрыс? Тақырыпты Сержан Айтжан зерттеп көрді.

Иә, дәл осылай алгоритммен ағынан жарылып әңгіме айтып, сезімін саралауға сай тұратындар көбейді. Жұмыста жолы болмаса, тұрмыста түйткіл туындаса жасанды зиятпен сұхбат құрады. Сол сұхбаттасушылардың бірі - Ақжан. Ол жаны жоқ жүйе дос болуға жарап тұр дейді. 

АҚЖАН ОСПАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бірнарсе мазаласа жи ден көмек сұраймын. Тіпті ол психологқа уақыт құртпай жи ден сұраған кезде құрбыларымнан да жақсы кеңес береді. Менің ойымдағыдай айтылады. Тіпті киім үлгісін таңдаған кезде де жарасымды киім үлгісін жасап береді. ЖИ-ді қолданған ыңғайлы.

Ақылды қосымша алгоритмге негізделген жүйе. Оның бірінші міндеті дұрыс жауап беру емес, сұрақты жауапсыз қалдырмау. Әрине дерекке сүйенген ақпарды дереу табуы мүмкін. Бірақ сезім санмен санаспайтынын ескерсек, маманның кеңесі алға шығады.

КҮЛМАШ ЕЛШІБАЕВА, ПСИХОЛОГ:

Ол ырғақтың, дауыс астында қандай сезім қандай түйсік жатқанын білмейді ғой. Өйткені ол жанды нарсе емес. Бойында қандай проблемасы бар екенін даусының сөйлеген сөзінен, отырған отырысынан ым ишарасынан психолог маман біле алады.

Жұрт сенген жасанды интеллект өзіне керек  мағлұматтың  баршасын ғаламтордан алады. Тіпті қолданушының жеке дерегін де қолдануы мүмкін. Сондықтан цифрлы әлемнің сиқырлы тетігін байыппен басқару маңызды.

ЕРЖАН УЗБЕКОВ, IT МАМАНЫ:

ЖИ-де барлығы почта арқылы. Аккаунтыңыз бар. Сол аккаунтқа қол жеткізетін болса, сіздің ақпаратыңызды алып, счеттарыңызға жеке деректеріңізге қол жеткізіп сіздің ақшаңызды алып қоюы мүмкін. Сізге кредит алып сіз арқылы басқа адамдарды алдауы мүмкін.

Дерек пен дәйектің дұрыс нұсқасымен бірге, анық қанығы дәлелденбеген  қате ақпар да болуы  мүмкін. Сондықтан техносауатты болған жөн. Өйткені жасанды интеллект маман емес, қосымша құрал.