Есірткі жарнамаларын өшіріп, орнына Алаш зиялыларының бейнесін салмақ

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2026

Есірткі жарнамаларын өшіріп, орнына Алаш зиялыларының бейнесін салмақ. Ақтөбелік жастар ескертіге қарсы акциясында осындай бастама көтерді. Ал оралдықтар жастарды спорт арқылы зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды. Өскеменде есірткі бизнесіне араласудың салдары мен заң алдындағы жауапкершілік түсіндірілді.

Ақтөбеде белсенді жастар қала көшелеріндегі есірткі жарнамаларын іздеп, өшіруге кірісті. Заңсыз жазулар көбіне үй қабырғаларына, қоршауларға және ғимараттардың көзге түспейтін жерлеріне жазылады. Акцияға жастар ресурстық орталығының мамандары, жастар саясаты саласының өкілдері мен қоғамдық белсенділер қатысты. 50-ге жуық жас бірнеше топқа бөлініп, қаланың әр аумағын тексерді.

ӘЛІШЕР ТЫНЫШТЫҚ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Соңғы уақытта мұндай есірткі жарнамалары едәуір азайды. Бұрын қаланың адам аз жүретін орындарында, түрлі қуыстарда мұндай жазулар көп болатын. Қазір ондай жазуларды табу өте қиын. Бұл да атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижесі деп ойлаймыз.

Өскеменде «Есірткіге жол жоқ» акциясына мыңнан астам студент жастар атсалысты. Құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар көшбасшылары мен қоғамдық белсенділер есірткіні таратуға қатысқаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді. Шара соңында қала көшелеріндегі наркограффитилер де өшірілді.

ЭЛЬМИРА НУРСЕИТОВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Акцияға мыңнан астам студенттер, құқық қорғау органдары, «Әділет» партиясының қызметкерлері қатысуда. Басты мақсатымыз зиянды нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.

Орал қаласында «Спортпен шыңдал, есірткіден аулақ бол!» атты тәрбиелік-спорттық шара өтті. Оған жоғары оқу орындары мен колледждердің 300-ге жуық студенті қатысты. Спортта жоғары жетістікке жеткен чемпиондар да арнайы қонақ ретінде келіп, салауатты өмір салтының маңызы туралы айтып берді.

ЕРКЕБҰЛАН НЫҒМЕТ, VI ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

Қазір спортқа қатысам дегендерге құрал-жабдық бәрі бар. Спортпен айналыссын деп ойлаймын. Және де нашақорлықтан жаман әдеттерден аулақ болсын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорт пен белсенді өмір салтын насихаттау жастарды зиянды әдеттерден сақтандырудың тиімді жолдарының бірі. Мұндай бастамалар жас буынның денсаулығына жауапкершілікпен қарап, бос уақытын пайдалы өткізуіне бағытталған.