Үкімет инвестициялық саясатты қайта құрып жатыр

Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында Үкімет инвестициялық саясатты қайта құруда,- деп хабарлайды AstanaTV.

Жаңа модель жеке және шетелдік капиталды тартуға, отандық өндірісті, инфрақұрылымды, технологияларды және шикізаттық емес экспортты дамытуға бағытталған.

4,4 трлн теңге инвестиция және мониторингтің жаңа құралдары

2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы шамамен 4,4 трлн теңгені құрайтын 26 инвестициялық келісім жасалды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны дамыту және инвестициялық жобаларды ЖИ элементтері бар сараптамалық мониторинг жүйесін әзірлеу көзделген.

 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 16,7%-ға өсті

Инвестиция көлемі 2024 жылғы 19,4 трлн теңгеден шамамен 23,5 трлн теңгеге жетті. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында негізгі капиталға 13,5 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп.

Жаңа инвестициялық портфельде жалпы құны $162,5 млрд болатын 667 жоба бар

Kazakh Invest базасында «бір терезе» қағидаты бойынша Kazakhstan Investment House құру жоспарланып отыр. Жаңа жобалардың қатарында терең өңдеу, өнеркәсіп, АӨК және көлік инфрақұрылымы салаларындағы өндірістер бар. Мәселен, Fufeng Group, Dalian Hesheng Holding Group, Roca Group, Solico Group және Harvest Group SA жобаларын атап өтуге болады.

Бюджеттен тыс инвестиция көздерінің үлесі 86%-ға дейін өсті

2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында негізгі капиталға тартылған инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджет қаражатының үлесі 14%-ға дейін төмендеді, ал бюджеттен тыс көздердің үлесі 86%-ды құрады. Негізгі қаржы көзі — кәсіпорындардың өз қаражаты, оның үлесі 66,7%.

Өңдеу өнеркәсібінің инвестициялардағы үлесі 14,1%-ға өсті

2026 жылы энергетикаға, ақпарат және байланыс саласына, өңдеу өнеркәсібіне және АӨК-ке бағытталған инвестициялар көлемі өсіп келеді. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібінің инвестициялардың жалпы көлеміндегі үлесі 2024 жылғы 18,7%-дан 2026 жылдың сегіз айында 13,9%-ға дейін төмендеді.

«Бәйтерек» арқылы нақты секторды қаржыландыруға 8 трлн теңге қарастырылған

2026 жылы холдинг құралдары арқылы нақты секторды қаржыландыру көлемін 8 трлн теңге деңгейінде сақтау жоспарланып отыр. Жыл басынан бері тұрғын үй секторын қоса есептегенде көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 7,4 трлн теңгеге жетті. Оның 5,4 трлн теңгесі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.

Жаңа инвестициялық модель жеке капиталды тартуға, жобаларды сүйемелдеуге және инвестицияларды өндіріс, инфрақұрылым және шикізаттық емес салаларға қайта бағыттауға негізделіп отыр. Бұл ретте мемлекеттік құралдар бизнестің қосымша ресурстарын тарту тетігі ретінде кеңінен қолданылып келеді.