Жылдың үздік оқырмандары 10 миллион теңгеден алады

фото: gov.kz

Қазақстанда 15 кітап оқыған адам он миллион теңге сыйақы алады, – деп хабарлайды AstanaTV.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев елімізде 1 қыркүйекте бастау алған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы туралы айтты. Арман Қырықбаевтың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы жарлығы аясында жүзеге асырылуда.

Марафон аясында әрбір қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқып, интеллектуалды сайыстарда білімін сынайды. Марафон 6 айға созылады. Келесі жылдың наурыз айында аудандық, қалалық және облыстық деңгейде 4 мыңға жуық жеңімпаз қаржылай сыйлыққа ие болады. Ал республикалық кезеңде жылдың 10 оқырманы анықталып, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні олардың әрқайсысы 10 миллион теңгемен марапатталады.

Оған оқушылар, студенттер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар, журналистер және басқа да тілек білдірушілер қатыса алады. Министрдің айтуынша, жобаға қызығушылық жоғары. Алғашқы екі аптада платформада миллионнан астам қазақстандық тіркелген.

Қатысушыларға алты ай ішінде 15 кітап оқып шығып, кейін зияткерлік сайыстар барысында шығармаларды білетіндерін көрсету керек болады. Қоғамның марафонға деген жоғары қызығушылығы бізді ерекше қуантады, - деп атап өтті Арман Қырықбаев.

Жоба қорытындысы бойынша 4 мыңға жуық жеңімпаз ақшалай сыйлықтарға ие болады. Әр өңірден шыққан үздік оқырмандар республикалық финалда кездеседі.

Ақтық кезеңде жылдың 10 оқырманы анықталады.  Жеңімпаздарды 23 сәуірде- Ұлттық кітап күнінде жариялау жоспарланып отыр.

Үздік он қатысушының әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде арнайы сыйлық беріледі.

Арман Қырықбаев платформада өзі де тіркелгенін және марафонға дәл «Парасат» санаты бойынша қатысатынын хабарлады.Сондай-ақ министр өз әріптестерін, үкімет мүшелерін, Құрылтай депутаттарын, әкімдерді, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлерін жобаға қосылуға шақырды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – ол кітап оқу».
Осыған орай, марафонға көшбасшылық және мемлекетшілдік тақырыбындағы 15 кітапты қамтитын «Парасат» атты арнайы санат енгіздік. Бұл санатта сыйлық немесе жүлде қарастырылмаған. Оның мақсаты – елге белгілі азаматтардың тәжірибесімен бөлісіп, кітап оқудан жастарға өнеге көрсетуі. Жобаның ұйымдастырушысы ретінде емес, ел азаматы ретінде мен де «Парасат» санаты бойынша марафонға қатысамын. Жаңа ғана платформаға тіркелдім. Үкімет мүшелерін, Ұлттық құрылтай депутаттарын, кәсіпкерлер мен жалпы танымал тұлғаларды осы санат бойынша марафонға қатысуға шақырамын! , - деді Арман Қырықбаев.