Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами капиталды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жолдауларында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын жаппай меңгеру жүйесі қалыптасып келеді. Ол түрлі жастағы және кәсіби топтарды қамтып, студенттерді тереңдетіп оқытудан бастап ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға дейінгі бағыттарды қамтиды, –деп хабарлайды AstanaTV.
ЖИ-мен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгеруге, оны оқу процесінде және кәсіби қызметте қолдануға, сондай-ақ өз технологиялық шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік беретін білім беру бағдарламалары, орталықтар мен цифрлық платформалар құрылуда.
Бағдарламалау және ЖИ бойынша тегін оқыту өңірлерде кеңейтілуде
12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған TUMO Astana орталығында бүгінде 2 376 оқушы білім алып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін қамтуды 5 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. 18 жастан асқан азаматтарға арналған Tomorrow School мектебінде 493 студент білім алуда. Желі 14 өңірде ресми түрде іске қосылды.
AI-Sana бағдарламасы оқыту мен ЖИ-ді тәжірибеде қолдануды біріктіреді
Бағдарлама базалық оқытудан бастап тәжірибелік қолдануға, кәсіпкерлікке және технологиялық стартаптар құруға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Бүгінде 100 мыңнан астам студент тереңдетілген оқытудан өтті. 703 мыңнан астам сертификат беріліп, жасанды интеллект шешімдерінің 22 мыңнан астам жобалық жоспары әзірленді. Оның 515-і қазір тестілеу және енгізу кезеңінде.
Келесі кезең — студенттік әзірлемелерді технологиялық стартаптарға айналдыру
Практикалық оқытуда Стэнфорд университетінде жұмыс тәжірибесі бар мамандар әзірлеген білім беру платформасы пайдаланылды. Студенттермен жұмысқа 20-ға жуық венчурлік қор өкілдерін қоса алғанда, 63 халықаралық сарапшы тартылды.
Қорытынды кезеңде 1,5 мың студенттік команданы стартаптар деңгейіне шығару көзделіп отыр.
Қазақстанда ЖИ саласындағы мамандандырылған университет құрылды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Qazaq AI Research University құрылды. Университеттің білім беру моделі AI+X қағидаты бойынша құрылған: ЖИ саласындағы іргелі дайындық белгілі бір саладағы қолданбалы машықтандыру мақсатымен үйлеседі. Бұл тәсіл инженерия, медицина, қаржы, энергетика, мемлекеттік басқару және басқа салаларға мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалаврлық және магистрлік бағдарламалары іске қосылды. Бүгінде университетте 525 адам оқиды.
AI-First принципі тікелей аймақтық университеттерге де енгізілуде
Оған бір мысал – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі Auezov AI First бастамасы. Оның аясында ЖИ университетті басқару, білім беру және ғылыми-зерттеу процестеріне енгізілуде. AI Sana бағдарламасы аясында базалық курсты 21 194 студент аяқтады.
55 мың мемлекеттік қызметші AI Qyzmet бағдарламасы бойынша оқудан өтті
Мемлекеттік аппараттың ЖИ-құзыреттерін дамыту жеке бағыт ретінде қарастырылып отыр. Ол үшін жасанды интеллект негіздерін игеруге және оны мемлекеттік органдардың күнделікті қызметінде қолдануға бағытталған AI Qyzmet бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған курс мемлекеттік қызметшілердің ЖИ қолданудағы практикалық сценарийлерін қамтиды, олар – жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар дайындау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру. Негізгі міндет – деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру және ЖИ-ді мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмыс құралына айналдыру.
Осылайша, жасанды интеллектіні жаппай игеру бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. ЖИ біртіндеп кәсіби машыққа ғана емес, сонымен қатар азаматтардың күнделікті оқуы мен жұмысының бір бөлігіне айналады.