Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлар арзандады

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі жалғасуда, – деп хабарлайды AstanaTV.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, апта ішінде пияздың бағасы 5,1%-ға, картоп – 3%-ға, сәбіз – 2,4%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 2,3%-ға, алма – 1,1%-ға, қант – 0,7%-ға, сүзбе мен тауық еті – 0,4%-ға төмендеді.

Нан, рожки, сиыр еті, қой еті, тауықтың бөлшектелген бөліктері, сүт, қаймақ, күнбағыс майы, сары май, тұз және шай бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлер бөлінісінде бірқатар қалада дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы апта ішінде Жезқазғанда 0,3%, Семейде 0,2%, Талдықорғанда 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы келісіне 149 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, келісі 119 теңге болды.

Картоптың республика бойынша орташа бағасы келісіне 211 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Павлодарда байқалып, келісі - 135 теңге.

Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы келісіне 222 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркелген, келісі - 140 теңге.

Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы келісіне 620 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Таразда – келісі 378 теңге және Атырауда – 396 теңге болды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.