40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіші артты

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2026

Қырық жастан асқаннан кейін бесік тербететін аналар көбейді. Тұрмыс құруға асықпайды, ұрпақ жалғастыруды кейінге шегереді. Бұл бұрымдылардың карьера қууы ма, әлде тұрмысын түзетіп аламын деген мақсаты ма? Не десек те, қоғамдағы үлкен әлеуметтік өзгерістің белгісі екені анық. Бірақ кеш үйленіп, бала сүю әйелдердің денсаулығына кері әсер етпей ме? Тақырыпты әріптесім Айгерім Есенкелді тарқатады.

АЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Бұл жердің табалдырығын 40 жастан кейін алғаш аттайтын әйелдер саны артқан және былтыр осы жастағы келіншек 16 мыңнан астам сәбиді дүниеге әкеліпті. Яғни бүгінде ана болу жасы үлкейіп  барады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі әйелдердің орташа босану жасы 30 жасқа жуықтаған. Қалаларда бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері одан жоғары.  40 жастан асқан аналардан туған балалардың барлық нәресте арасындағы үлесі де артқан. Ал 50 жастан асқан әйелдер 148 сәби дүниеге әкелген.

МЕРУЕРТ СӘРСЕМБЕКОВА, ДӘРІГЕР-ТЕРАПЕВТ:

40 жастан кейін жаңағы қант диабеті ауруларына қауіп болады. Преэклампсияға қауіп болады, давлениенің көтерілуі болады. Хромосомалық ауытқулар 40 жастан кейін 20-30 жастағыларға қарағанда көбірек байқалады. Бұл енді қауіп белгілеріне жатады ғой. Жағымды жақтарына: әйел адамдардың психологиялық толысқанын айтсақ болады, қаржылық тұрақтанғанын айтсақ болады.

Мамандар бұл өзгеріске адамдардың отбасын құру мен бала сүюді бұрынғыдан кейінгі жасқа ығыстырып келе жатқаны және урбанизация себеп дейді. 40 жастан кейін алғаш қалыңдық атанып, шаңырақ көтеретін ер адамдар саны артып келеді.

РУСЛАН ИБРАЕВ, ҚҚДИ ОТБАСЫЛЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Қалаға келіп қоныстанған кісілер өзінің әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын үй-жәй жағдайларының барлығын жақсартқанша белгілі бір уақыт өтеді. Осыған байланысты өздері үйленген жағдайдың өзінде алғашқы баланың тууын біраз кешеуілдетеді. Ата-аналар балаларына сапалы білім бергісі келеді. Олардың болашағын сапалы түрде қалыптастырғысы келеді. Балаға жұмсалынатын шығынның бар екенін түсінеді олар.

40 жастан асқан әйелдер арасындағы туу көрсеткіші ең жоғары Қызылорда облысында тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында байқалды. Дәрігерлер 40 жастан соң бала көтерудің тәуекелі жоғары екенін, десе де жақсы күтім мен тұрақты тексеріс дені сау ана мен бала әкелетінін атап өтті.