Үздік оқырмандарға 10 миллион теңгеден беріледі

  • AstanaTV
  • 18 қыркүйек 2026

«Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасының жеңімпаздарына 10 миллион теңге сыйақы табысталады. Мемлекет басшысының Жарлығы аясында қолға алынған бастама елімізде кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауды көздейді. Жобаға 195 аудан мен 87 қаланың тұрғындары қатыса алады. Екі апта ішінде reading-nation.kz платформасына миллионнан астам қазақстандық тіркелген. Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, кейін зияткерлік сайыстарда білімін сынайды. Өңірлерде үздік нәтиже көрсеткендер республикалық финалға жолдама алады. Жоба қорытындысында жылдың он үздік оқырманы анықталып, жеңімпаздарға сыйақы 23 сәуір - Ұлттық кітап күнінде табысталады.

АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Биыл кітап оқу марафонын тұтас ел аумағында өткізгелі жатырмыз. Оған оқушылар мен студенттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, отбасылар мен зиялы қауым өкілдері яғни кез келген оқырман қатыса алады. Келесі жылдың наурыз айында аудандық, қалалық және облыстық деңгейде 4 000-ға жуық жүлдегер қаржылай сыйақыға ие болады.