«Шексіз» телехикаясының түсірілімі жүріп жатыр

Астана телеарнасы көрермен назарына жаңа туынды дайындап жатыр. Жуырда «Шексіз» телехикаясы көгілдір экрандарға жол тартпақ. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, көпшілікке ой салу мақсатында қолға алынған жобаның түсірілімі қызу жүріп жатыр. Әріптесім Еркелді Тілеуқұл актерлік құрам және шығармашылық топпен тілдесіп қайтты.

Елорда іргесінде түсіріліп жатқан туынды бүкіл ел назарын өзіне аударады. Түсірілім тобы бұған еш шүбә келтірмейміз, - дейді. Шексіз сериалы қылмыс пен жаза, адам тағдыры тақырыптарын толық тарқатпақ. Сондықтан, актерлер де бұған дейін сомдамаған рөлдерді ойнап, ерекше тәжірибе жинақтап жатқандарын жасырмады.

ЕРБОЛ ТЛЕУКЕНОВ, АКТЕР:

Ғабиден деген кейіпкердің рөлін сомдаймын. Ол – жай ғана, қарапайым адам болып көрінгенімен бұрын қылмыскер болған. Мінезі сұсты адам. Сол типажды көрсету үшін жұмыс жасап жатырмын.

Жас артис Сая Саятқа бұл туындыда басты рөлдердің бірі бұйырды. Сюжет бойынша, кейіпкерді еркінен тыс, күш қолдана алып қашқан. Осылайша, актриса қыз тағдырының қиындығын экранда көрсетпек.

САЯ САЯТ, АКТРИСА:

Ерекшеленетіні – осы тақырыптың өзектілігі. Бұған дейінгі менің рөлдерім қазақ қыздарының көріп жатқан қиыншылықтарын көрсету – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бұндай өзекті тақырыптардың көтеріліп жатқаны мені қуантады. Сондықтан, Айнұр есімді кейіпкеріме ыстық ықыласпен қараймын деп айта аламын.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, сериал қазіргі көрерменнің талғамын ескереді. Сондықтан, оқиға желісі көпке созылмайды. Туындының бас продюсері – Қазбек Рүстембековтың айтуынша, Шексіз отандық индустрияға жаңалық әкеледі.

ҚАЗБЕК РҮСТЕМБЕКОВ, ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:

Біз бұл телесериалды ешқай жанр аясында шектеліп түсіргіміз келмеді. Көпшіліктің көзі үйренген комедия немесе драма да болмайды. Алғашында 2 полиция қызметкері туралы оқиға түсіруді жоспарлаған едік. Бірақ, сценариіміз уақыт өте келе өзгерістерге ұшырады. Бірақ, ол өзгерістер, сюжетті шиеленістіріп, көрерменге естен кетпес эмоция сыйлайтыны анық. Өйткені, қоғамдағы өткір мәселелерді, атап айтқанда, қыз алып қашу және жазадан жалтару әрекеттерін суреттедік.

Айта кетейік, теле туынды Мәдениет және Ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілуде. Сериалды көрермендер Астана телеарнасынан қараша айында тамашалай алады.