Дәрі-дәрмектен алиментке дейін: «Әділет» партиясының Ашық есік күнінде қандай мәселелер көтерілді

Фото: “Әділет” партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы балалардың құқығы мен мүддесін қорғау мәселелері бойынша Ашық есік күнін өткізді. Азаматтарды қабылдау бір уақытта еліміздің барлық өңірі мен Астана қаласында ұйымдастырылды, деп хабарлайды AstanaTV.

Балалардың құқығын қорғау және олардың қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының қатарында. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің болашағы бүгінгі қоғамның балалар үшін жасап жатқан жағдайы мен құндылықтарына тікелей байланысты. Бұл ұстанымдар «Әділет» партиясының бағдарламасынан да көрініс тапқан. Онда отбасыларды қолдау, білім беру және балаларға тең мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше мән берілген.


«Әділет» партиясы өңірлерде ұйымдастырған азаматтарды қабылдау барысында қазақстандықтар көбіне балабақшалардағы орын тапшылығы, тегін медициналық көмектің қолжетімділігі, сондай-ақ дефектолог, логопед және тьютор мамандарының жетіспеушілігі мәселелерін көтерді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде мектеп салу, балалардың демалысы, баспана және мектептегі тамақтану сапасына қатысты мәселелер қозғалды. 

Астанада азаматтарды Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева қабылдады. Тұрғындар әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, еңбек даулары, сондай-ақ қылмыстық заңнамадағы кей нормаларды қолдану, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру мәселелері бойынша жүгінді.

«Әрбір өтініш бойынша тиісті органдарға сауал жолдап, міндетті түрде азаматтарға жауаппен ораламыз. Егер мәселе заңнамаға өзгеріс енгізуді немесе Құрылтайда жеке қарауды талап етсе, депутаттық өкілеттіктеріміз аясында оны әрі қарай жүргіземіз», – деді Ләззат Жылқыбаева.

Азаматтарды қабылдау барысында кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапты. Мәселен, Көкшетауда нейрофиброматоз диагнозы қойылған қыздың ата-анасы қажетті дәрі-дәрмекті алу мәселесі бойынша көмек сұрады. Жағдайды реттеуге Құрылтай депутаты Юлия Кучинская араласып, балаға қажетті препараттар берілді.

«Азаматты қабылдап, мәселесін тыңдау жеткіліксіз. Міндетіміз – мәселені кім шеше алатынын анықтап, жауапты органдарды жұмысқа тартып, істі нақты нәтижеге дейін жеткізу», – деді Юлия Кучинская.


Басқа өңірлерде де нақты көмек көрсетілді. Мәселен, Абай облысында жеке сот орындаушысы алимент түсетін шоттан бұғатты алып тастады. Жамбылдық отбасыларға мектепке керек-жарақтарды алуға көмек көрсетіліп, балаларды бір мектептен екіншісіне ауыстыру мәселесі келісілді. Сондай-ақ тегін стоматологиялық ем ұйымдастырылып, инватакси қызметін алуға жәрдем көрсетілді.

Алматылық азаматтар балалардың қауіпсіздігі мен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне қатысты өтініш берді. Оларды қарауға кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері мен тиісті басқармалардың өкілдері тартылды.

Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында тұрғындар баспана, балаларды мектеп пен балабақшаларға орналастыру, жеңілдіктер мен атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға тіс дәрігерінің көмегін алу мүмкіндігі жеке талқыланды.

«Әділет» партиясы Орталық аппараты Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева мұндай қабылдаулар нақты өтініштермен жұмыс істеуге ғана емес, әртүрлі өңірлерде қайталанатын және жүйелі түрде пысықтауды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Барлық келіп түскен өтініштер тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Толық шешілмеген өтініштер партияның бақылауында болады.