«Әділет» партиясы «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қатысты

Фото: партияның баспасөз қызметі

 «Әділет» партиясы «Таза Қазақстан» республикалық акциясына қатысты, деп хабарлайды AstanaTV.

«Әділет» партиясы Орталық аппаратының өкілдері мен белсенділері, партия фракциясының мүшелері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. «Мыңжылдық» аллеясында партия мүшелері аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, 70-ке жуық жөке көшетін отырғызды.

Акцияға «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай да қатысты. Ол қоршаған ортаны қорғау әр адамның нақты ісінен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы қалалар мен елді мекендерді таза ұстау және абаттандыру ісіне қоғамның ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Таза Қазақстан» бастамасы «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да жеке бағыт ретінде қарастырылған. Партия бағдарламасында табиғи ресурстарды сақтау, қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту, орман алқаптарын кеңейту және азаматтарды экологиялық бастамаларға тарту мәселелеріне басымдық берілген.

Партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» қағидаттары нақты іспен жалғасуы керек.

«Біз үшін Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы нақты нәтижеге ұласуы маңызды. Сондықтан экологиялық бағыт партияның бағдарламасында арнайы орын алады. Әңгіме тек сенбілік өткізу мен көгалдандыру туралы емес. Бұл – ауа мен судың жағдайы, қалдықтарды басқару, табиғи ресурстарды сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау сияқты кең ауқымды мәселелер. Мұндай міндеттерді жүйелі түрде атқарып, оған азаматтардың белсенді қатысуы қажет. Сонда қоршаған ортаға қамқорлық жай ғана іс-шаралармен шектелмей, күнделікті өмір салтының бір бөлігіне айналады», - деді Ержан Жылқыбаев.

Партия бағдарламасында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Атап айтқанда, кәсіпорындардан ауаға тарайтын зиянды заттарды автоматты түрде бақылау, су ресурстары мен қалдықтардың есебін цифрландыру, қоқысты бөлек жинау жүйесін дамыту және ауа сапасын бақылау жүйесін жаңғырту ұсынылады. Сонымен қатар жастардың экологиялық жобалар мен волонтерлік қозғалысқа қатысуына ерекше мән берілген.

Экологиялық іс-шараға партия жастар қанатының өкілдері де қатысты. Олар партия мүшелерімен бірге аумақты абаттандыру және ағаш отырғызу жұмыстарына атсалысты.

«Жастар экологиялық мәселелерден шет қалмауы керек. Оларды осындай бастамаларға жиі қатысуға шақырамын. Себебі бұл – қаламыз үшін пайдалы іс атқарудың қарапайым әрі түсінікті жолы», - деді партияның «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі Жансая Қуанышбекова.

«Әділет» партиясы «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруға дайын.