Жоламан Биғабыл - каратэден Азия ойындарының чемпионы

Фото: Арлан Олжабай

Қазақстандық каратеші Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының финалында өзбекстандық Хумойынмырза Халимовты жеңіп, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды  AstanaTV.

Каратэден кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті. Жоламан Бигабыл шешуші жекпе-жекте қарсыласын 9:1 есебімен сенімді жеңіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді.

Бүгінде WKF каратэ Қазақстандағы бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Бұл спорт еліміздің 20 өңірінде дамытылып, онымен 77 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның 25 мыңға жуығы – әйелдер.

Спортшыларды даярлау ісіне 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған. Соның ішінде 140 маман ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі өткізіледі. Бұл жарыс жасөспірімдер мен жастар (U21) арасындағы Азия және әлем чемпионаттарына спортшыларды іріктеудің ішкі рейтингтік турнирлерінің бірі саналады.

Жоламан Бигабылдың жеңісі қазақстандық каратэшілерді жүйелі даярлау мен еліміздің өңірлерінде осы спорт түрін дамыту бағытындағы жұмыстың нәтижесін тағы бір мәрте көрсетті.