Республикалық жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 16 учаскеде орнатылады, – деп хабарлайды AstanaTV.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, жолдағы қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда. Кешенді ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар қабылданып, нәтижесінде биыл жол апаты бойынша барлық көрсеткіштер төмендеп жатыр: жол-көлік оқиғалары 5 пайызға, қаза тапқандар 15 пайызға, жарақат алғандар 6 пайызға азайған.
көлік тәртібіне бақылау күшейтілді. Техникалық шешімдер белсенді қолданылып жатыр. Осы саладағы барлық цифрлық сервистер «Тор» платформасына біріктірілді. Оның нәтижесі мынадай:
1. жасанды интеллектті қолдану арқылы көліктерді бақылау жүргізіліп жатыр. 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдар, сондай-ақ ұрланған автокөліктер анықталу үстінде;
2. «Қорғау» жүйесі арқылы іздеуде жүрген, жалған нөмір тағып алған көліктерді және өрескел бұзушылар анықталады;
3. жол ережесінің бұзушылықтарын автоматты түрде анықтайтын жүйелер дамытып жатыр. Олардың саны 28 мыңға 32 мыңға жеткізілді;
4. республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылады. Дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары саны 10 пайызға, қаза тапқандар 33 пайызға, жарақат алғандар 12 пайызға азайды.
Бүгінде бұл жүйе ұзындығы 2 800 шақырымды құрайтын 12 учаскеде бар. Жыл соңына дейін Көлік министрлігімен бірге тағы 16 учаскеде орнатамыз. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар барлығы 5 600 шақырым болатын 28 учаскеде жыл аяғына дейін орнатылатын болады. Келесі жылдан бастап бұл жұмысты әрі жалғастырамыз, - деді Ержан Сәденов.