Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі Кассациялық соттар департаменті Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мавлюдам Абдувалиевна Рузиева сот өндірісіндегі құжат айналымы, сотқа өтініш беру тәсілдері және азаматтар тарапынан жиі жіберілетін қателіктер туралы айтып берді, деп хабарлайды AstanaTV.
Кассациялық соттарда және Кассациялық соттар департаментінде құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметі Іс жүргізу ережелеріне және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бөлім сот құжаттарын қабылдау, тіркеу және олардың одан әрі қозғалысын қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттерді атқарады.
«Түскен әрбір құжат белгіленген тәртіппен уақытылы тіркелуі, дұрыс ресімделуі және қарауға берілуі тиіс. Бұл ретте мынаны түсіну маңызды: құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі талаптардың мазмұнына баға бермейді және процестік шешімдер қабылдамайды. Біздің міндетіміз — белгіленген тәртіп шеңберінде құжаттардың дұрыс әрі уақытылы қозғалысын қамтамасыз ету. Мәселен, жыл басынан бері біз 50 517 кіріс корреспонденциясын өңдеп, 40 314 құжат жөнелттік», — деп атап өтті Мавлюдам Рузиева.
Ең жиі кездесетін қателіктер
Спикердің айтуынша, іс жүзінде азаматтар құжаттардың нысаны мен мазмұнына, сондай-ақ қажетті қосымшалар тізбесіне қойылатын талаптарға жете мән бермей жатады.
«Нақты айтқанда, азаматтар қажетті құжаттарды қоса тіркемеуі, материалдардың толық емес жиынтығын ұсынуы мүмкін; құжат тиісті сотқа жіберілмеуі, қоса берілген құжаттардың оқылмауы немесе бұрыс бөлімге тіркелуі сияқты қателіктер жиі орын алады. Бұндай жағдайларда құжатты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы белгіленген ережелерге сәйкес тіркеусіз кері қайтарады», — деді бөлім басшысы.
Осыған байланысты, Мавлюдам Абдувалиевна құжат жіберер алдында процестік талаптармен және қажетті құжаттардың тізбесімен мұқият танысуды, жеке деректер мен істің деректемелерін тексеруді ұсынады. Бұл артық кідірістердің және жіберілген кемшіліктерді қайта түзету қажеттілігінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Құжаттарды берудің қандай тәсілдері бар?
Бүгінгі таңда азаматтар кассациялық соттарға шағымдарды, өтініштерді, арыздар мен өтінішхаттарды бірнеше ыңғайлы тәсілмен бере алады:
-
«Сот кабинеті» арқылы электронды нысанда;
-
«Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы (егер өтініш осы жүйе үшін белгіленген тәртіппен қаралса);
-
Жеке өзі, сот кеңсесі арқылы;
-
Пошта байланысы арқылы.