Алаяқтық схема қазақстандықтардың СОО немесе басқа да мекемелердің атынан құрылған жалған Wi-Fi желісіне қосылып, зиян келтіретін қосымшаны жүктеп алуына немесе жеке және банк деректерін енгізуіне негізделген, – деп хабарлайды AstanaTV.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратынша, әдетте мұндай жалған қосылымдардың атауы түпнұсқаға ұқсас болады. Сондықтан ең алдымен желінің шынайылығына көз жеткізу қажет. Ол үшін мекеме қызметкерінен желінің нақты атауын сұрап білуге болады.
Егер оны анықтау мүмкін болмаса, кез келген тегін Wi-Fi нүктесіне қосылған кезде бірнеше қауіпсіздік ережесін сақтау маңызды:
-интернет-банкингке кірмеу, банк картасының деректерін, құпия сөздерді немесе басқа да құпия ақпаратты енгізбеу;
-егер банк қосымшасын, eGov, электронды поштаны немесе басқа да маңызды сервистерді пайдалану қажет болса, ол үшін мобильді желіні қолданған жөн;
-жұмысты аяқтағаннан кейін Wi-Fi-ды өшіріп, егер қайта пайдалану жоспарланбаса, қоғамдық желіні сақталған желілер тізімінен жойып тастау керек.
Сондай-ақ дереккөз кибершабуылдар қазақстандықтардың құрылғыларына интернет арқылы ғана емес, басқа да сымсыз желілер арқылы жетуі мүмкін екені еске салады. Мысалы алаяқтар зиянды файлдарды AirDrop немесе Bluetooth арқылы жібере алады.
Сондықтан белгісіз дереккөзден келетін сұраныстарды қабылдамауға кеңес беріледі. Ал браузер арқылы сайттарға кірген кезде HTTPS қорғалған қосылымы жоқ беттерге өтпеу және күдікті сілтемелерді ашпау маңызды – бұл зиянды қосымшаның орнатылуына немесе алаяқтардың әлеуметтік желідегі аккаунттарға қол жеткізуіне әкелуі мүмкін.
Осылайша аталған ережелер қазақстандықтарға қоғамдық Wi-Fi желілерін және басқа да сымсыз желіні пайдалану кезінде ақшадан айырылып қалмауға көмектеседі.