Жол жүру ережесін жиі бұзатындар жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

Қалааралық тас жолдарда болған жол апаттарынан биыл 251 адам қаза тапты. Оның 90 пайызы 3 өңір – Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелген. Үкімет отырысында Олжас Бектенов салалық министрліктер мен мемлекеттік органдарды қатаң сынға алды. Жағдай түзелмесе, кейбір құзырлы ведомство басшылары жазаланатынын  ескертті. Ал жол жүру ережесін көп бұзатын көлік иелері жүргізуші куәлігінен де айырылуы мүмкін. Оның үстіне, барлық жолдарда бақылау күшейеді. Толығырақ, Еркелді Тілеуқұл баяндайды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Шешілмей жатқан проблемалық мәселелер өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы жоқ, жағдайда түзету керек. Түзетіңіз! Немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады. Ұқтыңыз ба?

Премьер-министр Қазавтожол басшысына шүйлікті.  Себебі, жол апаттары динамикасы төмендегенімен, адам өлімі – өлшеуге болмайтын параметр. Үкімет басшысы, қалааралық жолдардың сапасы мүлдем көңіл көншітпейтінін жеткізді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Елді мекендерден тыс трассалар. Жан түршігерлік апаттардың басым бөлігі дәл осы жолдарда орын алады. Автомобиль жолдарының көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені шамамен 7 метрді құрайды. Көптеген учаскелерде тиісті жол инфрақұрылымы жоқ. Жүргізушілер сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына және навигация мәселелеріне шағымданады. Бұл жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу, уақтылы жөнделмейді.

Ішкі Істер Министрінің есебі де жаға ұстатты. Себебі, жолдардың сапасына байланысты 5 мың лауазымды тұлға жазаланған.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Аудан және ауыл әкімдеріне – 487 және «ҚазАвтоЖол» филиалдарының басшылығына – 345 әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар, жолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 4 қылмыстық іс тергелуде.Тексеру барысында аудан-ауыл әкімдері және басқа да жауапты тұлғалар жол инфрақұрылымына қаражаттың дұрыс бөлінбейтінін айтып отыр. Егер, осыдан кейін, ауыр салдарға жол берілсе, жауапкершілік мәселесі облыс басшылығы деңгейінде қаралатын болады!

Үкімет басшысы, лауазымды тұлғалардың кемшілігін айтқанымен, жол-көлік оқиғаларына және адам өліміне негізінен жүргізушілер де кінәлі деді.  Сондықтан, телефонға телміріп отыратындарға бақылауды күшейту керектігін ескертті. Қатаң жаза қажет. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайлы қарайды. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер де бар. Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет.

Ішкі Істер Министрлігі жақын арада жол ережесін көп бұзатын жүргізушілерді куәлігінен айыруды ұсынбақ. Мәселе Құрылтайға ұсынылмақ.

ИГОРЬ ЛЕПЕХА, ҚР ІШКІ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бізде жол жүру ережесін жиі өрескел бұзатындар көп. Айыппұлдары миллионннан асады. Біз бұл мәселені талқылауға шығардық. Бәлкім, 5-10 рет ереже бұзғаннан кейін жазаны қатаңдату керек шығар. Заңға мойынсұнатын адам да 3-4 рет айыппұл арқалауы мүмкін. Бірақ, мүлдем ережеге бағынбау межесін анықтауымыз керек. Мысалы, жылына бірнеше рет бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кететін болса, ондай адамдарға тоқтау қою керек.

Бір қаладан екінші қалаға қатынайтын рөлі оң қанатты Тойота Альфард көліктерінің мәселесін де біржақты болады. Такси қызметін көрсететін жүргізушілерге де бақылауды күшейеді.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Олжас Бектенов автомектептерге де шүйлікті. Үкімет басшысы темір тұлпарды енді тізгіндеген жас жүргізушілер жолдағы жағдайды дұрыс бағамдай алмайтынын айтты. Сондықтан, толыққанды білім бермейтін мекемелерге бақылауды күшейтіп, сараптама жүргізуді қатаң ескертті. Ішкі Істер Министрлігі дереу жұмыс жоспарын жасап, іске асыруы тиіс.