Павлодарда жылу желілерінің дені тозған

Павлодарда жылу маусымы 14 қыркүйекте басталды. Әлеуметтік нысандар толық қамтылды. Бірақ, жылу желілерінің дені-тозған. Ал Петропавлда магистральдарды ауыстыру, жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз жеткізеді. 

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда жылыту маусымына дайындық қызу! Облыс орталығында жылу жүйелерінің 6 мың метрі ауыстырылып жатыр. Жақын арада жаңғырту жұмыстары бітеді дейді жауаптылар.  Одан бөлек,  сорғы қондырғылары да жаңартылуда. Бұл жұмыс 99 пайызға орындалған. 

“ПЕТРОПАВЛ ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ” ЖШС БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Биыл Петропавл қаласында жылу магистральдерінің 6246 метрі алмастырылады деп көзделген. Бүгінде жоспардың 95 пайызы орындалды. Жұмыс жақын күндері аяқталады. Құрылыс алаңындағы асфальтты қалпына келтіру жұмыстары 45 пайызға дайын. Бұл жұмысты “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігі қазан айының аяғына дейін бітіруді жоспарлап отыр.

Бүгінде облыс көмір қорымен 70 пайызға қамданған. Осы уақытқа дейін отандық кен орындарынан қара отынның 450 мың тоннасы жеткізілді. Оның дені - шұбаркөл, қара жыра және Майкөбе көмірлері. Бағасы былтырмен салыстырғанда өспей, сол қалпы қалды. Бір тоннасы 19 бен 25 мың теңге  арасында сатылып жатыр.

АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Алдағы жылдары Қызылжарға Көкшетаудан газ тартылады деп күтілуде. Егер жоба іске асса, аймақта жылыту маусымына әзірлік әжептәуір жеңілдей түспек. Ал Павлодарда жылу маусымы басталып кетсе керек. Өңірдегі әріптесім Өзгеріс Қуанар толығырақ айтады.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қыстың қамын жазда ойлаған павлодарлық шенділер жылу беру маусымын биыл әдеттігіден ерте бастады. Оған себеп те жоқ емес. Күн райы күрт құбылатын өңір үшін бұл қажеттілік десе де болады. Жылу беру бірінші кезекте мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға берілді. Ал тұрғын үйлерді 28-қыркүйекте жылуға қосу жоспарланып отыр.

Өңірде жылу желілерінің 78 пайызы тозған.  Жағдай Екібастұзда күрделі,  тозу деңгейі 88 пайызға жеткен. Ал облыс орталығындағы жылу құбырларының 85 пайыз ескі.  

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Әрине, біз ақырғы 3 жылда ауқымды жұмыс жасадық бұл бағытта. Дегенмен де, әлі де жұмыс көп. Бірінші кезекте Павлодар қаласының магистралдарын жаңартып, енді болса аула ішілік желілерді жаңартуға кірістік. Аула ішілік желілерді жаңартуды дәл сондай тәжірибеге сүйеніп, Екібастұз қаласында жүргізу керек.

Өткен қыс Железин ауданының тұрғындары үшін ауыр болды. Аудан орталығында үйлердің жартысына жуығы орталық жылуға қосылған. Алайда, ескі желінің жөнделмеуі салдарынан  жұрт жаурады.

ӘДІЛ САДЫБЕКОВ, ЖЕЛЕЗИН АУДАНДЫҚ «КӨМЕК» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тозығы жеткен 1,5 шақырым жылу құбыры ауыстырылды. Құбырдың диаметрін ұлғайттық. Екі қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл бірінші рет қомақты қаржы бөлінді. Алдағы қыста былтырғыдай жағдай болмайды деп сенеміз. 

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Ақсу қаласында да биыл ауқымды жұмыстар жүргізілді.  Жылу магистралі ауыстырылып, аула ішілік желілер жаңартылды.