Астанада Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мыңдаған шетелдікке құжатты заңсыз рәсімдеген. Тергеу мәліметінше, заңсыз айналым жарты миллиард теңгеден асқан. Сот бұл іске қатысы бар 10 адамға үкім шығарды. Құжат рәсімдеу схемасы үш жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Шетелдіктер уақытша тұруға рұқсат пен ЖСН алу үшін делдалдарға ақша төлеген, ал олар қаражаттың бір бөлігін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне берген. Бұрын полиция қызметкері болған Жауқазын Қорабаева шетелдіктерден 12 миллион теңгеден астам ақша алғаны үшін 7 жылға сотталды. Сондай ақ Азаматтарға арналған үкіметтің үш қызметкері де 7 жылға, тағы бір қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал делдалдар арқылы жүздеген миллион теңге өткен. Олардың үшеуіне айыппұл салынды. Тағы екі адамға бас бостандығын шектеу және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.