Кредит тарихын түзетуге бола ма?

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2026

Елде  «несие тарихын тазартып беремін» дейтін жарнама көбейген. Берешегін уақытында төлей алмай «қара тізімге» ілінгендер хабарландыруларға сеніп, алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Жалпы, несие тарихын тазалау мүмкін бе? Айғаным Тұрысбек зерттеп көрді.

"Обналичка жасаймын, несиеңді жауып, қара тізімнен лезде шығарамын".  Дәл осындай жарнаманы әлеуметтік желінің қай бұршынан да кезіктіресіз.

Мамандар бюро базасындағы кредиттік тарихты тазарту немесе өшіру  мүмкін емес дейді.  Ақпарат бюро базасында 5 жыл бойы сақталады. Сондықтан әрбір азамат өзінің кредиттік есебін жылына бір рет тегін алуға құқылы.

АЙБАР ОЛЖАЕВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Мемлекеттік бюрода алған кредитіңіз, қайтармай қойсаңыз барлығы жазылады. Оны тазалай алмайсыз. Бәрібір тұрады. Болашақта кредитті мақұлдауға қоолжеткізудің жолы рейтинг көтеру. Жабылмаған кредитті төлеу керек. Екіншіден табысты арттыру керек.

Егер төлем уақыты 90 күннен өтіп, іс коллекторларға тапсырылса, несие тарихы бұзылады. Мұндайда жаңа несие алу мүмкіндігі шектеледі.

ҒАДІЛБЕК ӘКІМ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Қара тізімге кіріп одан шыға алмай қалады. Кредит тарихы бұзылса өмірбақи кредит берілмей қалады деген жоқ. Бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы бар. Сол жерге кіріп кредиттік деңгейіңіз, рейтинг, бүкіл ақпаратты сол жжерден көріп отыруға болады. 2-3 ай сайын қарау керек мүмкін басқа біреу кредит рәсімдеп қоюы мүмкін.

Кредиттік тарихты жақсарту үшін қарызды мерзімінен бұрын жабу да, кейінге қалдыру да тиімсіз. Банктерге тұрақты әрі жағымды төлем тәртібі маңызды. Ол үшін алдымен шағын сомаға несие алып, оны кесте бойынша уақытылы өтеп отырған жөн. Төлем қабілеттілігіңізді дәлелдеген соң ғана ірі несиеге өтінім беруге болады.