«Таза Қазақстан»: Тазалық пен тәртіп мектебі

Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» жобасы қоршаған ортаны түбегейлі өзгертіп, елдің ажарын кіргізді. Бұл сапалы реформалар азаматтардың санасын жаңғыртып қана қоймай, бүгінде шетелдік сарапшылар мен меймандардың да жоғары бағасына ие болып отыр. Елді көркейтіп, жаһанды тәнті еткен ауқымды қозғалыс туралы тілшіміз тарқатады.

Президент бастамасы табиғатқа жанашырлықпен қараудың жаңа стандартын қалыптастырды. Жоба аясында мыңдаған тонна қоқыс тазартылып, саябақтар мен демалыс орындарының келбеті түбегейлі жаңарды. Ең бастысы - бұл бастама халықты біріктіріп, туған жерге деген шынайы қамқорлықты оятты.

ЕЛДОС АБАҚАНОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің еліміз өте бай, табиғаты бай. Алайда көп жағдайда осы адамдар демалатын орында, табиғи аумақтарымызда көптеген ластанған аймақтар да көріп отырмыз. Әрине, волонтерлар да жұмыс істейді, белсені жастар да қатысады осы мәселелерге. Бірақ енді оған қарамастан әрдайым осы мәселені көтеру арқылы міндетті түрде бір нақты оң шешімді көруге болады деп есептеймін.

Бағдарламаның ауқымы бүгінде халықаралық деңгейде қызығушылық тудыруда. Елімізге келетін шетелдік қонақтар мен сарапшылар Қазақстанның экологиялық мәдениетті көтерудегі бұл бірегей тәжірибесіне таңданысын жасырмай, жоғары баға беруде.

МАНСҰР ОШУРБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау- ортақ міндет. Сондықтан «Таза Қазақстан» секілді бастамаларды қолдау қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Ұлттық идеологияның өзегіне айналған жоба әрбір қала мен ауылдың, әрбір босағаның тазалығынан көрініс тауып отыр. Табиғатқа деген құрмет пен жауапкершілік - жаңа Қазақстанның ажырамас белгісі.

ӘЛИЯ САДЫРБАЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Таза Қазақстан- ұлттық идеологияның бір бөлігі. Бұл өз қаламызға, өз елімізге деген қамқорлығымыз. Біздің қаламыз - өз үйіміздің жалғасы. Сондай-ақ біз қоқыс тастамай, бір-бірімізге көмектесуіміз, тазалық жұмыстарына атсалысуымыз керек. Менің түсінігімде, Таза Қазақстан - бұл бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз, адамдарға деген ұқыпты, таза әрі құрметті көзқарас.

Жоба басталғалы 2 миллион тоннадан астам қоқыс тазартылып, еліміз бойынша 5 миллионнан астам ағаш егілді. Миллиондаған отандасымызды біріктірген бұл озық экологиялық тәжірибе нақты іспен нәтиже берді.