Жезқазғанда жол апатынан жасөспірім қаза тапты

Фото: видеодан скрин

Жезқазғанда төрт жасөспірім мінген BMW көлігі апатқа ұшырап, 13 жастағы бала қаза тапты. Тағы екі кәмелетке толмаған жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды  AstanaTV.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасы Шолохов көшесінде болған. BMW жүргізушісі көлікті басқара алмай, электр желісінің тірегіне соғылған.

Апат кезінде алған жарақаты салдарынан кәмелетке толмаған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасына қатысқан тағы екі адам медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Олардың қазіргі жағдайы туралы әзірге ақпарат жоқ.

Аталған факті бойынша Жезқазған қаласының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Құқық қорғау органдары жол апатына әкеп соққан себептер мен жағдайларды қоса алғанда, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Тергеу барысы Полиция басқармасының бақылауында.