Қазақстан заңсыз жолмен алынған активтерді елге қайтару мүмкіндіктерін кеңейтеді

Фото: ҚР Құрылтайы

Құрылтай 1959 жылғы 20 сәуірде Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялады, деп хабарлайды  AstanaTV.

Конвенцияға қатысушылар өзара негізде және онда көрсетілген талаптар сақталған жағдайда бір-біріне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.

Ескертпелер мен мәлімдемелерге сәйкес, Қазақстан іс-әрекет екі Тарапта да қылмыстық тұрғыдан жазаланатын және қазақстандық заңнамаға сәйкес келген жағдайда ғана мүлікті іздестіру немесе оған тыйым салу туралы сұрауларды орындауға құқылы.

Сондай-ақ шетелдік азамат талап еткен жағдайда оның қамауға алынғаны, түрмеге қамалғаны, күзетпен ұсталғаны немесе ұстап алынғаны туралы консулдық мекемелерге хабарлау мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бөлек, адамның қатысуы туралы шақыру қағазын табыстау жөніндегі тапсырма адамның қатысуы белгіленген күннен кемінде 50 күн бұрын берілуі тиіс. Қазақстанға келіп түсетін сұрау салулар қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармаларымен қоса берілуге тиіс.

Қазақстанда құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жіберуге және алуға уәкілетті орталық органдар ретінде Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура айқындалды. Жоғарғы Сот соттардың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы сұрау салуларға, ал Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы барлық басқа да сұрауларға жауапты болады.

Конвенцияға қосылу Қазақстанға қазақстандық құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға және заңсыз жолмен алынып, шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл еліміздің Конвенцияға қатысушы мемлекеттермен қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.