Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет шекаралық инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастыруда, деп хабарлайды AstanaTV.
Жұмыс шекара пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға, шекарадан өтуді жеделдетуге, бақылау рәсімдерін цифрландыруға және автотасымалдаушылар үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Автомобиль пункттерінің өткізу қабілеті жылына 2 млн-нан 5 млн-ға дейін өсті
Соңғы үш жылда өткізу пункттерін жаңғыртуға 118,6 млрд теңге бағытталды. ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 11 автомобиль пункті жаңартылды, Инфрақұрылым кеңейтілді, ал жекелеген пункттерде қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылды. Нысандар заманауи тексеру жабдықтарымен жабдықталған. Нәтижесінде жиынтық өткізу қабілеті жылына шамамен 2 млн-нан 5 млн көлік құралына дейін өсті.
Жүк көлігінің орташа өту уақыты 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды
Бақылау процедураларының бір бөлігі тоқтаусыз режимге ауыстырылды: қажетті параметрлер автомобильдің қозғалысы кезінде жазылады және автоматты түрде ақпараттық жүйелерге жіберіледі. Инфрақұрылымды кеңейту және автоматтандыру есебінен жүк көлігінің орташа өту уақыты шамамен 30 минутқа дейін қысқарды.
Цифрландыру кедендік ресімдеу уақытын үш еседен астам қысқартты
KEDEN ақпараттық жүйесінде алдын ала хабарлау, кедендік транзит, декларациялау және тауарларды өткізу автоматтандырылған. Кедендік рәсімдеудің орташа уақыты 11 сағаттан 3 сағат 30 минутқа дейін қысқарды. CarGoRuqsat электронды кезегі арқылы 4,5 млн-нан астам брондау рәсімделді.
Автоматтандыру теміржол транзитін де жеделдетеді
Қытай – Қазақстан – Орталық Азия бағыты бойынша транзиттік декларацияларды автоматты түрде шығару тетігі іске асырылуда. Бір контейнерлік пойызды тіркеу уақыты шамамен 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды.
Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары 2030 жылға дейін аяқталады
Жол картасы шеңберінде ЕАЭО ішкі шекараларында автомобиль өткізу пункттерін кезең-кезеңімен реконструкциялау көзделген. Жұмыс инфрақұрылымды кеңейтуге, өткізу қабілетін одан әрі арттыруға, бақылауды автоматтандыруға және рәсімдерді цифрлық форматқа ауыстыруға бағытталатын болады.
Жаңғырту жұмыстары транзиттік және сыртқы сауда тасымалдарының өсуін қамтамасыз етуге, көліктің тоқтап қалуын және бизнестің логистикалық шығындарын қысқартуға, сондай-ақ Қазақстан арқылы жүктердің өту жылдамдығы мен болжамдылығын арттыруы тиіс.