Жәнібек Әлімханұлы бос тұрған WBO чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады, деп хабарлайды AstanaTV 1Бол!-ға сілтеме жасап.
WBO ұйымының Әлем чемпионаты комитеті қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен рейтингте үшінші тұрған америкалық Джейкоб Бэнк арасында келіссөз жүргізуді міндеттеді. Боксшылар бос тұрған WBO нұсқасы бойынша аса орта салмақтағы әлем чемпиондық атағы үшін жұдырықтасуы тиіс.
Тараптарға келіссөз жүргізіп, ортақ келісімге келу үшін 15 күн берілді. Егер осы мерзім ішінде жекпе-жек өткізу жөнінде келісім жасалмаса, айқасты ұйымдастыру құқығы үшін промоутерлік сауда өткізіледі.
WBO келіссөздер туралы ресми бұйрықты жақын арада жариялайтынын мәлімдеді. Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы үшін жаңа салмақта бірден әлем чемпионы атану мүмкіндігі туып отыр.