Иван Чернухин Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының тарихи жетістігіне үлес қосты, деп хабарлайды AstanaTV.
Қазақстандық спортшы Владислав Яковлевпен бірге ерлер арасында рульсіз қос ескекті қайықпен жарыста жеңіске жетіп, ел қоржынына академиялық ескек есуден Азиададағы алғашқы алтын медальді салды.
"Жарыс алдында өзіме артық салмақ түсірмеу үшін ешқандай нәтиже күтпедім. Қалай болғанда да, спортта қобалжу мен қысым болады. Сондықтан мен жаттығудан және жарыстан ләззат алуға тырыстым.
Менің командаласым өте тәжірибелі. Владислав төрт Олимпиадаға қатысқан, бұл оның бесінші Азия ойындары. Ал мен үшін бұл - алғашқы Азиада. Оның тәжірибесі маған көп пайдасын тигізді. Соның арқасында өзімді еркін ұстап, қатты қобалжымадым. Кейде ақылын айтып, кейде кеткен қателігімді түзеп отырды. Екеуміз бір-бірімізді жақсы толықтырдық.
Өзбекстан және Қытай спортшыларымен тартыс болатынын білдік. Екеуі де мықты қарсылас еді. Сондықтан жарысты жақсы бастап, әрі қарай өз жоспарымызбен жүруді көздедік. Қашықтықтың алғашқы жартысында өз қарқынымызды сақтап, қарсыластарға алаңдамау керек болды.
1000 метрге жеткенде қарсыластардың қарқыны сәл бәсеңдегені байқалды. Біз өз қарқынымызды үдеттік. Ескекшілер жылдамдықты арттыруға бірнеше рет әрекет жасады, бірақ бұл оларға көмектеспеді. Біз біртіндеп алға шықтық. Мәреге 250 метр қалғанда қарқын қостық.
Ең бастысы - қайықта абыр-сабыр болмауы керек еді. Әркім не істеу керегін түсінді. Сондықтан дәл сол қарқынмен мәреге дейін есу қажет болды.
Бұл медаль мен үшін өте маңызды. Мен Оралданмын, шағын ауылда өстім. Алтын медальмен туған жеріме, жақындарыма қалай оралатынымды қазірдің өзінде елестетіп те қойдым. Мен үшін бүкіл ауыл - туған-туысым, көршілерім жанкүйер болып отырған сияқты. Қазір телефоным құттықтаулардан дамыл таппай жатыр.
Төрттіктегі финалға келсек, барлығына жағдай бірдей. Өзбектер де екіліктегі жарыстан кейін біз сияқты төрттікке қатысады. Мұнда да өз жұмысыңды атқарып, өзгелерге алаңдамау керек. Бәріне қиын, бәрі шаршайды. Одан әрі нәтиже дене дайындығы мен төзімділікке байланысты болады.
Жарыс алдымен 20-нан 21 қыркүйекке, кейін 21-інен 23 қыркүйекке ауыстырылды. Жарыстың кейінге шегерілуін күту оңай болған жоқ, бірақ оны да еңсердік. Жаттықтырушымыз бізді жарысқа өте жақсы дайындады. Сол үшін оған айрықша алғыс айтамын", - деді Иван Чернухин.
Айта кетейік, Иван Чернухин мен Владислав Яковлев ерлер арасында рульсіз қос ескекті қайықпен жарысудан А финалында жеңіске жетті. Қазақстандық жұп қашықтықты 6 минут 25,13 секундта бағындырып, Қытай мен Өзбекстан өкілдерін басып озды.