Қазір еліміз тарихи және тағдыршешті дәуірге қадам басты. Мемлеткет басшысы Халық Кеңесінде осылай деді. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Ауқымды өзгерістер үдерісі билік тармақтарын жаңғыртумен тоқтап қалмайтыны анық.
Біз Әділетті, Озық, Таза, Күшті Қазақстанды құру жолындағы кешенді жұмысты үздіксіз жалғастыра береміз. Біз реформаларды табысты жүзеге асырып, еліміздің тұрақты өсіп-өркендеуі үшін мызғымас негіз қалыптастыруымыз қажет.
Бұл үшін қоғамдық сананы өзгертуіміз керек. Басқа сөзбен айтсақ, халқымыздың санасының өзегінде білімпаздық, ұқыптылық, жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттері тұруға тиіс.
Себебі заңға бағыну, елге жанашыр болу, табиғатқа қамқор көзбен қарау, тазалықты сақтау – мұның бәрі де озық ойлы ұлтқа тән маңызды құндылықтар.
«Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» бастамаларының басты мақсаты да – осы құндылықтарды қоғамда түпкілікті орнықтыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғыртуды тағы бір маңызды міндет екенін жеткізді.
Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым.
Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз.
Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз.
Биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді.
Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды. Сәулет өнерінің осынау жауһарлары – Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды, – деді Мемлекет басшысы.