«Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты қолға алған республикалық «Қауіпсіз қала» бастамасы төтенше жағдайлардың алдын алуға деген қоғам көзқарасын түбегейлі өзгертуге бағытталып отыр. Жоба көшелер мен тұрғын үй алаптарындағы қауіп-қатерлерді қайғылы жағдайға әкеліп соқтырмай тұрып анықтап, жою мақсатында өткізілуде, деп хабарлайды AstanaTV.
Науқан аясында белсенділер мен құтқарушылар қалалық инфрақұрылымды тексеріп, жылыту жүйелерін қарап, қауіпсіздік құралдарын орнатуға көмектесуде. Қауіпсіз орта тұрақты жұмыс жүргізу арқылы қалыптасады. Ал күн суытып, жылу беру маусымы басталған кезде қауіптің алдын алу мәселесі өте өзекті болмақ.
Мәселен, Абай облысында «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері құтқарушылармен бірге жылу беру маусымындағы қауіпсіздік ережелерін тұрғындардың есіне салды. «Жастар Рухы» жастар қанаты Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров осы кезеңде профилактикалық жұмыс жүргізу мәселесі неліктен аса маңызды екенін түсіндірді.
«Ереже сақтау – өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Әсіресе жылу беру маусымында қарапайым талаптарды елемеуді өзі ауыр зардап әкелуі мүмкін. Сондықтан жастарды қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға белсенді атсалысатын күш ретінде көргіміз келеді», – деді ол.
Көкшетау қаласында партияластар қалалық инфрақұрылымға назар аударды. Белсенділер төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп, ашық қалған құдықтарды, жалаңаштанған электр сымдарын және қауіпті шұңқырларды анықтау мақсатында көшелерде тексеру жүргізді. Тұрғындар қауіпсіздігі қарапайым мәселелерге көңіл бөлуден басталады.
Атырау облысында тұрғын үйлерде, соның ішінде әлеуметтік жағдайы осал отбасылардың баспаналарында рейд жүргізілді. Құтқарушылар түтін таралуын ескертетін құрылғы орнатуға көмектесіп, қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы өрт тұтануына себеп болатынын атап өтті. Негізгі қауіп-қатерлер – пештегі ақау, электр желілеріндегі шамадан тыс жүктеме және балалардың қараусыз қалуы.
Ал Өскемен қаласында құтқарушылар, учаскелік полиция инспекторлары және жастар қауымы аулаларды аралап, пәтерлерді тексерді. Акцияға қатысушылар газ жабдықтарының жай-күйін зер салып, түтін таралуын ескертетін құрылғылар орнатты. Алматы қаласында да жеке секторды аралау жұмысы жүргізілді. Партия өкілдері әлеуметтік жағдайы осал азаматтардың тұрмысымен танысып, түтінге улану қаупі жоғары болғандықтан, желдету жүйесін үнемі тексеріп отыру қажет екенін еске салды.
Қызылорда облысында Сырдария өзені жағалауы аймағына баса назар аударылды. Балық аулау мен табиғат аясында демалу кезеңі басталғандықтан, судағы жазатайым оқиғалар мен табиғи өрт туындау қаупі арта түседі. Құтқарушылар тұрғындарды жағалаудың тайғақ учаскелерінде және ағысы қатты тұстарда аса сақ болуға шақырды.
Қарағанды қаласында белсенділер тұрғындарға электр құрылғыларын пайдалану ережесі туралы ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізді. Қостанай облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және компьютерлік клубтарда белгіленген талаптардың сақталуын бақылау мақсатында полиция қызметкерлері мен жастар қауымы түнгі рейд жүргізді.
Түркістан облысында партияластар мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, жеке сектордағы газ қауіпсіздігі жағдайын тексерді. «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы атқарылған жұмыс туралы айтып берді.
«Біз қауіпсіздік мәселесі туралы көп айтамыз. Алайда бұл сөздің шынайы мәнін өрт сөндірушілердің жұмысымен танысқан кезде барынша терең түсінесің. Олардың әрбір әрекеті адам өмірімен байланысты», – деді ол.
Шымкент қаласында «Әділет» партиясының жастары өрт сөндіру гидранттарының техникалық жағдайын тексерді. Тек Әл-Фараби ауданында шамамен осындай бес жүз нысан бар.
«Қауіпсіз қала» акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Осылайша, еліміздегі көшелер мен тұрғын-үйлердің қауіпсіздігі арта түсуде. «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты белсенді жастармен бірге барлық анықталған мәселені толық жойылғанға дейін бақылауда ұстайды.