Халық пен билік арасында алтын дәнекер болатын Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады. Жаңа институт елдегі түйткілдерді ашық талқылап, жұрттың ұсыныс-пікірін сараптайды. Ең бастысы нақты шешім ұсынады. Бұрынғы Ассаблея, Сенат, Мәжіліс пен қазіргі Құрылтайдан бұл ұйымның негізгі айырмашылығы неде? Ұқсастығы қайсы? Президент алғашқы сессияда халық атынан мінберде пікір білдіретін органның мақсат-міндетін айқындап берді. Толығырақ тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Бүгін- тарихи күн! Елімізде алғаш рет сан түрлі саланың өкілдерін бір арнаға тоғыстырған пәрменді платформа құрылып, жұмысын бастады. Халық Кеңесі азаматтық сектордың, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық кеңестердің және өңір мәслихаттарының өкілдерін бір жалпыұлттық диалог алаңына біріктірді. Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады.
Жаңа құрылым ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Сенат тарқаса да, өңірлердің өзекті сұрақтары жауапсыз қалмайды. Қайта мәслихаттармен қатар қоғамдық кеңестер де енді Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Яғни, Халық атынан өкілдік ететін кеңес тікелей қоғамдық бақылау жүргізеді. Мемлекет айшықтаған даму бағыттары бойынша жұмыстан шет қалмай, ұлттық идеологияға импульс береді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет. Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады.
Яғни, елдің мұң-мұқтажын, талап-тілегін тіркеп, билік тармақтарына жеткізу Құрылтай мен Халық кеңесіне қатар жүктеліп отыр. Бұл -азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетігі деп түсіну керек. Алайда олар бір-бірінің құзіретіне араласып, қызметіне кедергі келтіруге құқы жоқ. Екі инстуитуттың да комитиеттері тығыз байланыста жұмыс жүргізуге міндетті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады.Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті.
Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуы тиіс. Президент консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын үйлестіруді де Кеңеске жүктеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі.
7 жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті. Белсенді жұмыстың нәтижесінде еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді. Өңірлерді дамыту ісінен Халық Кеңесінің мүшелері де шет қалмауы керек. Президент атап айтқандай, билік тармақтарына популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен нағыз патриоттар қажет.
НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Халық кеңесіне кірген барлық мүшелердің мақсаты біреу-ақ. Халықпен тікелей байланыста болып, сауалдарын алып, аяғына дейін жеткізу. Яғни, шешімге дейін жеткізу.
Бұдан былай «Ел бірлігі» орденіне лайықты азаматтарды Халық кеңесі ұсынады. Президент айрықша марапаттың тағдырын кеңес мүшелеріне тапсырды. Алғашқы отырыста Төраға Ерлан Қошанов оларға 10 күн ішінде өз ұсыныс, жобаларын дайындауды жүктеді. Ұлтты ұйыту ісіне жұмыла кіріскелі отырған кеңестің 126 мүшесі айлық-жалақы алмайтын көрінеді.
ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Қазақстан Халқы кеңесінің мүшелерінің барлығы қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олардың қосымша өзінің екінші жұмыстары бар. Басты жұмысы бар. Олар сол басты жұмысынан жалақы алады. Ал Халық Кеңесіне келгенде түрлі отырыстарға қатысады. Оның барлығы қоғамдық негізінде болады. Ешкім одан айлық алмайды.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Елімізде кеңес беретін саны бар, сапасы жоқ ұйым көп. Олардың жұмысын жүйелеп, жұршылықтың мүддесін билікке жеткізу - Халық кеңесіне жүктелген басты міндет. Тарихта баламасы жоқ тұңғыш консультативті ұйымның жұмысын ел сын көзбен жіті қадағалайтыны анық. Кеңестің алғашқы мүшелері сенім үдесінен қалай шығатынын уақыт көрсетеді.