Қарыз алушы қайтыс болса, несиені кім төлейді?

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2026

Қазір көпшілік шұғыл ақша қажет болса несие алады. Кейбірі уақытылы төлей алмай, қосылатын пайыздық жүктемені арттырып алып жатады. Ал кейбіреу денсаулық жағдайына байланысты төлемді кешіктіреді. Қарыз алушы қайтыс болса ше, оның банктегі кредиті автоматты түрде жойыла ма? Тілші анықтап көрді.

Қарыз алушының қайтыс болуы оның кредиттік міндеттемесін автоматты түрде тоқтатпайды. Егер мұрагерлер мұраны қабылдаса, несие бойынша міндеттемелер де соларға өтеді. Бірақ мұрагердің жауапкершілігі мұраға алған мүліктің құнынан аспайды.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Мүлкі болса, әрине ол арқылы мемлекетке өту арқылы өзінің процедуралары бар. Өйткені ешқандай мұрагері болмаған жағдайда. Ал егерде атында ешқандай мұра болмаған жағдайда, және де оның мұрагері қабылдаушылары болмаған жағдайда ол іс адамның қайтыс болуына байланысты, кредиттік міндеттемелері тоқтатылады.

Мәселен, марқұмның 10 миллион теңге кредиті, ал мұрасы 6 миллион теңге болса, мұрагерлердің жауапкершілігі осы 6 миллион теңгемен шектеледі. Ал кредит кепілмен қамтамасыз етілсе,  ипотекалық пәтер немесе автокөлік болса, кепілдегі мүлікке қатысты міндеттемелер де мұрагерлік тәртіппен өтеді.

ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ:

Мұрагерді мұраны қабылдаған деп таныған кезде сот барлық мұрагерлердің мұралық мүліктегі үлестерін айқындайды және қажет болған жағдайда жаңа мұрагердің өзіне тиесілі мұра үлесін алу құқықтарын қорғау шараларын белгілейді. Бұған дейін берілген мұраға құқық туралы куәліктерді сот жарамсыз деп таниды. Осылайша, заңнамада қайтыс болған қарыз алушының берешегін өтеу мәселесін реттеу үшін арнайы мерзім белгіленбеген.

Яғни, қайтыс болған адамның кредиті бірден есептен шығарылмайды. Алдымен мұраның бар-жоғы және оны кім қабылдайтыны анықталады. Сондықтан мұрагерлер өз құқықтарын заңда белгіленген тәртіппен рәсімдеу және кредит шарты мен сақтандыру талаптарын мұқият тексеру керек.