«Әділет» партиясы тұрғындардың өтінішін қабылдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болуда

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2026

«Әділет» партиясы тұрғындардың өтініштерін қабылдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға атсалысып келеді. Партияның орталық аппараты жанындағы қоғамдық қабылдауда Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева азаматтармен кездесіп, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.

Қоғамдық қабылдауға көмек сұрап келгендердің бірі – Астана қаласының тұрғыны Әділбек Мейрам. 22 қыркүйек күні оны жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығарған. Азамат бұған дейін іс бойынша тергеу жүргізілгенімен, бірқатар мән-жай толық анықталмағанын айтады. Енді ол отбасына тиесілі пәтерді сақтап қалу үшін депутаттан көмек сұрап отыр.

ӘДІЛБЕК МЕЙРАМ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен үшін ең бастысы - отбасымның баспанасын сақтап қалу. Бұл - біздің жалғыз үйіміз. Сондықтан мәселенің әділ шешілгенін қалаймын. Қоғамдық қабылдауға алғаш рет келіп отырмын. Депутаттарымыз халықтың мұң-мұқтажын түсініп, әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамайды. Осы өтінішім оң шешім табады деп сенемін.

Гүлзира Атабаева азаматтың өтінішін тыңдап, мәселенің мән-жайымен танысты. Жағдайды өз бақылауына алып, оның заң аясында шешілуіне ықпал ететінін жеткізді. Қабылдау барысында еңбек заңнамасының сақталуы, тұрғын үй даулары, сот шешімдерінің орындалуы, несие берешегі және өзге де әлеуметтік-құқықтық мәселелер қаралды. Кездесудің мақсаты – азаматтардың өтініштерін тыңдап, оларға құқықтық кеңес беру және шешімін таппаған мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізу.

ГҮЛЗИРА АТАБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Азаматтар түрлі мәселемен жүгінеді. Оның ішінде еңбек дауларын реттеу және әлеуметтік  мәселелер бар. Біз оларға кеңес беріп, өтініш берушілер ұсынған құжаттармен танысамыз. Мәселелерді заң аясында шешудің жолдарын қарастырамыз. Сонымен қатар түрлі ұсыныстар түседі. Біз оларды қарастырып, сараптап, жүйелейміз. Содан кейін оларды тиісті мемлекеттік органдарға жолдаймыз.